Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша келіссөздер жүргізілді
Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстерді ұлғайту мақсатында Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.
Осылайша, Қазақстан мен Сингапурдың авиациялық билік органдары бейне-конференц байланыс бойынша келіссөздер жүргізді. Қазақстандық делегацияны ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Сингапур делегациясын – Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Хан Кок Хуан басқарды.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап тікелей рейстер ашуға қызығушылық білдірді. Сингапурлық авиакомпанияларға Қазақстандағы «ашық аспан» режимін, оның ішінде ауа бостандығының «бесінші дәрежесі» құқығын пайдалану ұсынылды. Сингапурлық тарап «ашық аспан» режимін құптап, бұл ұсыныс сингапурлық авиакомпаниялармен пысықталатынын хабарлады.
Тараптар 2023 жылғы шілдеде сингапурлық авиакомпаниялар мен «Сингапур-Чанги» әуежайының қатысуымен өтетін кездесу шеңберінде әуе қатынасын ашу мәселелерін талқылауды жалғастыратынына келісті.
Сонымен қатар Сингапур тарапы Сингапурдың азаматтық авиация академиясында оқу мүмкіндігінің бар екені туралы хабардар етті.
Сондай-ақ қазақстандық тарап «Эйр Астана» әуекомпаниясының екі ел арасындағы ұшуларды орындауды бастау жөніндегі жоспарын атап өтті.