ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сессиясына дайындық барысы талқыланды. Екі шара да биылғы қазан айында Астана қаласында өтпек. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
ҚР денсаулық сақтау министрі А. Ғиният 1978 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылар Алматыда ДДҰ/ЮНИСЕФ-тің Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі халықаралық конференциясына жиналғанын еске салды. Оның қорытындысы бойынша тиісті Алма-Ата декларациясы қабылданған.
Құжат бүкіл әлемде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту және енгізу бойынша ұлттық және халықаралық деңгейде кезек күттірмейтін және тиімді іс-қимылдарға алғашқы шақыру болды.
ДДҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың ұсынысы бойынша Жаһандық конференцияны өткізу ДДҰ-ның 75 жылдық мерейтойына, МСАК бойынша Алматы декларациясының 45 жылдығына орайластырылатын болады.
Еуропалық өңірлік комитеттің сессиясында Қазақстан және ДДҰ Еуропалық өңір үшін өзекті денсаулық сақтау мәселелерін, оның ішінде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күрес, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою, өңірлік стратегияларды қалыптастыру және т.б. мәселелерді талқылау көзделіп отыр. Шараға ДДҰ басшылары мен Еуропалық өңірдің 50-ден астам елінің өкілдері қатысады деп күтілуде.
Алтай Көлгінов бұл шара ТМД мен Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отырғанын және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы негізгі сын-қатерлерді талқылау үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға көзделген шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды.