Politics

Сенаторлар Президенттің Жоғарғы Сот судьясын қызметтен босату туралы ұсынымын қарады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының Жоғарғы Сот судьясын қызметтен босату туралы ұсынымын және халықаралық келісімді ратификациялау жөніндегі заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынымын қарау нәтижесінде сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты Дана Тоқмырзинаны Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл мәселені Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылағанын атап өткен жөн.

Отырыс барысында Палата депутаттары «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді қолданудың ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Бұл Келісім ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін дамытуды және тауар тасымалдау үшін қажетті жағдайларды жақсартуды көздейді. Сондай-ақ құжат Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауар тасымалдау кезінде міндетті кедендік және өзге де төлемдерді төлеуге қатысты құқықтық қатынастарды реттейді. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін жекелеген кедендік рәсімдерді жеңілдету мәселесі де қарастырылған. Алдағы уақытта жаңа нормалар ЕАЭО аясындағы тауар транзитінің бірынғай жүйесін қалыптастыруға оң әсерін тигізуге тиіс.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар маңызды мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады.

Сәкен Арубаев өз сауалында Жер кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, бұл, бірінші кезекте, ауылдардың маңындағы жайылымдық жерлердің тапшылығына қатысты проблемаларды шешу үшін қажет. Сондай-ақ депутат субсидия алу үшін балық шаруашылықтарының мәртебесін бекіту мәселесі де өзекті екенін айтты.

Закиржан Кузиев Қазақстан этностарының тілдері оқытылатын лингвистикалық мектептерде оқулықтардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Депутат бұл мәселе өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тілдерінде оқытылатын мектептерге қатысты екенін де атап өтті.

Ақмарал Әлназарова Обаға қарсы қызметті жеке мекеме ретінде қайта құру мәселесіне назар аударды. Сенатор оның орнына «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын «QazBioPharm» холдингінің құрамына беруді жеделдетуді ұсынды.

Советбек Медебаев ауылдық жерлердегі медицина мәселесін көтере отырып, Жамбыл облысының Меркі аудандық ауруханасында іске асырылып жатқан «әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» жобасының тиімділігін атап өтті. Депутаттың пікірінше, осындай өңірлік бағдарламаларды бүкіл ел бойынша енгізу қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button