Finance

Сәуір айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 0,1%-ға әлсіреді

Сәуір айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 453,21 теңгеге дейін 0,1%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 164 млн АҚШ долларынан 152 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 295 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында дербес сатады.

Сәуір айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 600 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20%-ы және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк сәуір айында биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 8%-ын құрады.

Ұлттық Банк сәуір айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Мамыр айында Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қолда бар болжамды бағдарларының негізінде қажетті трансферттердің сомасы бойынша мамыр айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлайды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін мамыр айында 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіледі.

Ашықтық қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты жария етуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, дивидендтер төлеу кезеңінің басталуына, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк дисбаланстың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам қалыптастыру режимін ұстануды жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button