Education

Марғұлан университетінде XV-республикалық пәндік олимпиада басталды

Кеше Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жоғары оқу орын студенттері арасында дене шынықтыру және спорт бойынша XV республикалық пәндік олимпиада басталды. Олимпиаданың ашылу салтанатына Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
«Олимпиадаға өз университеттерінде іріктеуден өтіп, ең үздік шыққан студенттер келіп отыр. Сіздер өз оқу орындарыңыз үшін қазірдің өзінде жеңімпазсыздар. Баршаңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін», – деді Жанбол Октябрьұлы.
Өнер және спорт жоғары мектебінің деканы Валентина Лебедеваның айтуынша, пәндік олимпиаданың мақсаты – дене шынықтыру пәні мұғалімдерін сапалы түрде даярлау, білім беру бағдарламалары тобындағы үздік студенттерді анықтау.
«Олимпиада – бұл жарыс қана емес, достар мен пікірлестердің кездесуі. Біз қонақтарымыз үшін қызықты бағдарлама дайындадық, қаланың көрікті орындарына экскурсия ұйымдастырылады», – деді Валентина Лебедева.
Олимпиада бағдарламасы үш кезеңнен тұрады. Ол – интеллектуалдық тур, ғылыми жоба және қимыл-қозғалыс құзыреттілігі. Олимпиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 жоғары оқу орнының өкілдері келді. Білім бәсекесі үш күнге жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button