Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жоспарлы мерзімінен бұрын аяқталды
7 сәуірде Шымкент МӨЗ-і («ПҚОП» ЖШС) жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын (ЖАЖ) аяқтады. Кестеге сәйкес кәсіпорындағы ЖАЖ осы жылдың 15 наурызынан 8 сәуіріне дейін жүруге тиіс еді. Алайда «ПҚОП» ЖШС жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, ішкі нарық үшін өнім шығара бастады, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
Жоспарға сай сәуірде ПҚОП 366 мың тонна мұнай өңдеуі қажет. Бензин өндірісі 110,1 мың тонна, дизель отыны – 114,8 мың тонна, сұйытылған мұнай газы – 15,1 мың тонна, әуе отыны – 19,3 мың тонна, мазут – 77,6 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр.
Барлық жөндеу жұмыстары уақтылы, ал кейбірі уақытынан бұрын орындалғанын атап өткен жөн. Айталық, мұнайды бастапқы айдау қондырғысы жұмыс режиміне жоспарлы мерзімінен бір тәулік бұрын, каталитикалық крекинг қондырғысы 5 тәулік бұрын шығарылды.
Мұнайды бастапқы айдау, каталитикалық риформинг, дизель отынын гидротазарту, керосинді гидротазарту, каталитикалық крекинг қондырғыларының жекелеген бөлшектерін ауыстыру, қалпына келтіру және жабдықтарын баптау сияқты іс-шаралар атқарылды.
Жөндеуге 22 мердігер ұйым мен 1305 маман тартылып, жұмысқа жұмылдырылды. Жүргізілген жөндеу мақсаты – зауыт жабдықтарының кепілді жұмысын қамтамасыз ету. «Азаматтық қорғау туралы» заңының талаптарына сай жабдықтар мен техникалық құбырларға техникалық куәландыру мен өнеркәсіптегі қауіпсіздігіне сараптама жүргізілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша «ПҚОП» ЖШС рекордтық көлемде 6,2 млн тонна мұнай өңдегенін еске сала кетейік. Бұдан бұрын Мемлекет басшысы зауыттың өндірістік қуатын арттыру және мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойды.