Social
2025 жылы 292 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) 54,4 мың отбасындағы 292,7 мың адамға 33,4 млрд теңге сомасында тағайындалды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылы АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 91,1 мың балаға 4,1 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
АӘК тағайындауға өтінішті қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.



