Education

Еліміздегі 8 жоғары оқу орны QS WUR пәндік рейтингіне енді

Еліміздегі 8 жоғары оқу орны 22 наурызда жарияланған QS World University Rankings by Subject 2023  ‒ әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингіне енді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Нәтижелерге сәйкес, қазақстандық жоғары оқу орындарының топ-100 пәндік рейтингке қатысуы екі еседен астам, үштен жеті позицияға дейін өсті. Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық білім беру кеңістігінде өз ықпалын арттыруды жалғастыруда: пәндік рейтингтердегі білім беру бағдарламаларының саны өткен жылмен салыстырғанда тоғызға артып, 40-қа дейін, рейтингтегі жоғары оқу орындарының саны сегізге дейін ұлғайды. Тізімге Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, СДУ, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті енді.
Қазақстандық жоғары оқу орындарының тағы бір жетістігі – бес пәнді қамтитын салалық рейтингтерге қатысуы болды. Олар: өнер және гуманитарлық ғылымдар, инженерлік ғылымдар мен технологиялар, өмір туралы ғылымдар және медицина, жаратылыстану ғылымдары, қоғамдық ғылымдар және менеджмент.
Отандық жоғары оқу орындары осы бес салалық рейтингтің төртеуіне кіріп, ондағы өз позицияларының санын 10-ға дейін арттырды.
Төрт қазақстандық  жоо әлемнің үздік 100 жоғары оқу орны қатарына еніп, үздік нәтижелер көрсетті. Бірінші жүздікке ЕҰУ ның 3 пәні кірді – «Заманауи тілдер» 88 позиция, «Лингвистика» 94 орын және «Қонақжайлылық және демалысты басқару» пәні бойынша университет былтырғы позициясын 51-100 аралығында ұстап қалды. Одан кейін «Заманауи тілдер» пәні бойынша 76-орында орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұр. Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Білім беру және оқыту» бойынша топ-100 пәндік рейтингке кіріп, осы рейтингте 76-орынды иеленді. Сонымен қатар ҚазҰПУ «Ағылшын тілі мен әдебиеті» бойынша пәндік рейтингке қайта оралып, онда 95-ші орынды иеленді. Satbayev University академиялық бедел көрсеткішін айтарлықтай жақсартудың арқасында «Мұнай және газ саласындағы инженерлік мамандықтар» бойынша 51-100 позициялар диапазонында орналасқан: жоғары оқу орны барлық пәндік рейтингтерде академиялық беделдің өсу қарқыны бойынша әлемде екінші орынды көрсетті.
​«Әлемнің үздік университеттерінің пәндік рейтингтеріндегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны сегізге дейін өсті: бұл үш жыл бұрынғыдан төрт есе көп. Жаңа пәндік рейтингтердің нәтижелері Қазақстанның қазіргі ғылыми күн тәртібіне ықпалын күшейту жоғары оқу орындарын рейтингтерде ілгерілету үшін негізгі мүмкіндік болып қалатынын көрсетеді», – деп атап өтті QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов.
Айта кетейік, QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігінің пәндік рейтингтері әлемнің 93 елінде 1594 университеттің студенттері 54 пән және бес кең пәндік санат бойынша оқытатын 15 700-ден астам жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз салыстырмалы талдау болып табылады. Олар әлемдегі ең үздік университеттер рейтингтерінің ‒ QS World University Rankings рейтингтік желісінің бөлігі болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button