Social

Қазақстанда алғаш рет көкөніс бағасының дефляциясы байқалады

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы -0,3%-ға төмендеді. Бұл үкіметпен 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап жүргізген тауар интервенцияларының нәтижесі, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

18 наурызда Премьер-Министрдің орынбасары–сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар өнімдерге және трендті одан әрі төмендету жөніндегі шараларға арналған аптадағы баға жағдайының қорытындылары қарастырылды.

– Екінші апта қатарынан Маңғыстау облысында әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеуде (-0,1%), осы аптада Түркістан облысында да бағаның төмендеуі байқалады (-0,1%), – деп атап өтті СИМ Сауда комитеті төрағасының м.а. Айдар Әбілдабеков. – Бұл ретте Түркістан облысында барлық әлеуметтік көкөністер арзандады, Маңғыстау облысында картоп пен қырыққабаттың бағасы төмендеді.

Ел бойынша көкөністерді әлеуметтік бағамен сату нүктелерінің саны интервенцияның бастапқы кезеңінде 682-ден 1015-ке дейін өсті. Жалпы, көкөніс бағасының төмендеуі есебінен барлық өңірлер бойынша ӘМАТ бағасының өсуінің баяулауы байқалады. Барлық ӘКК-ні осындай сауда нүктелерімен жұмысты жалғастыруды ұсынамыз, содан кейін келесі маусымаралық кезеңде әрбір өңірде бағаның өсіміне әсер ететін сауда объектілерінің базасы болады.

Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының жалпы индексі 0,1%-ға өсті, бұл жыл басынан бері рекордтық төмен деңгей болып табылады (2022 жылдың ұқсас аптасында бағаның өсімі 5,6% деңгейінде тіркелді). Өсім ӘМАТ жалпы себетіндегі (сары май, айран, сүзбе, сүт) сүт өнімдеріне бағаның біршама өсуіне байланысты болды. СИМ және АШМ сүт өнімдерін өндірушілермен жедел кеңестер өткізді, нәтижесінде қолданыстағы бағаларды сақтауға қол жеткізілді.

Сондай-ақ, кеңесте өңірлердің күзгі егінге келісімшарт жасау бойынша жұмыс барысы талқыланды. Бұл келісімшарттар ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың жаңа үлгілік ережелеріне сәйкес 2023 жылдың 1 ақпанына дейін жасалуы тиіс еді. Сауда комитеті тарапынан күзгі пиязды 62-70 теңгеден, ал сақтауды ескере отырып, көктемге дейін – 90 теңгеден келісімшарт жасау ұсынылды.

– Жүйелі және өте белсенді жұмыс істеу керек, басқа әдіс жоқ, – деп атап өтті Серік Жұманғарин. – Біз күзде қалыптасқан қорларды тарату нәтижелерін көріп отырмыз, маусымаралық кезеңде алғаш рет көкөніс бағасының дефляциясы басталды. Бұл жұмысты жалғастыру керек: жеке көкөністер бойынша қорлары аз аймақтар артылып жатқан өңірлермен келісіңіздер, ол бойынша ақпаратты АШМ сіздерге береді және көкөністерді индикативті бағамен жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етіңіздер. Биылғы жылдың ерте және күзгі дақылдарын келісімшарт бойынша жұмысты жеделдету, күзден бастап 2024 жылдың көктеміне арналған қорлар қалыптасуда. Біз азық-түлік инфляциясын қазіргі деңгейде ұстап, келесі жылға төмен бағамен қор құруымыз керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button