SocialБасты

«Ashyq» жобасы бизнеске карантиндік шаралар кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді – Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі жағдай туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Аурухана төсектері 56%, реанимациялық төсек орындар 44% толы. Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда шамамен 9,4 млн доза вакцина қолданылды, оның ішінде вакцинаның бірінші компонентін 5,5 млн адам, екінші компонентін 4 млн адам алды.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне және Денсаулық сақтау министрлігіне барлық аурухананың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалардың, ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтау және бақылау тұрғысынан мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды.

Үкімет басшысы шектеу шаралары мен кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде “Ashyq” жобасы бизнеске карантиндік шаралар жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — деді Асқар Мамин.

Биылғы 27 шілдеден бастап 2 тамызға дейін «Ashyq» жобасына қатысушылар саны 3 есеге – 21 900-ден 67 782-ге дейін артты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button