Елімізде түрлі мақсаттағы тоннельдердің траншеясыз тәсілмен құрылысына сұраныс артып келеді, деп хабарлайды ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
Диаметрі әр түрлі тоннельдерді жабық тәсілмен орнату бойынша өзара тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілікті арттыру шеңберінде «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ (ҚазҚСҒЗИ) мамандары германиялық «HERRENKNECHT AG» компаниясына арнайы сапармен барды. Аталған шетелдік кәсіпорын тоннельдерді үңгілей қазу жабдықтарын шығаратын әлемдегі жетекші компания болып табылады.
Сапар аясында ҚазҚСҒЗИ өкілдері Шванау қаласындағы тоннель жабдықтарын өндіретін зауытта болып, Эссен қаласындағы Эмшер тоннелінің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ қазақстандық мамандар аталған зауыттың және тоннель құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, консультациялар өткізді.
ҚазҚСҒЗИ мамандарының айтуынша, түрлі мақсаттағы тоннельдердің жабық (траншеясыз) құрылысына сұраныстың артуына орай, келешекте осындай жабдықты еліміздің инфрақұрылымдық нысандарында кеңінен қолдану жоспарлануда.