Басты

Алматылықтар жаппай коронавирусқа қан тапсырып жатыр

Мамандардың айтуынша, тест тапсырушылар көктемге қарағанда 28 есе артқан.

Коронавирусқа тест тапсырушылар саны Алматыда да күрт өскен. Арнайы сынама тапсыратын орталықтарда қазір шеті жоқ кезек. Өйткені денсаулығына алаңдаған жұрттан бөлек, арнайы мекемелер міндеттеген қызметкерлер де көп, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Таң атысымен жиналған халықтың қарасы көп. Орталыққа коронавирусқа қатысты тест тапсыруға келгендер сағаттап кезекте тұр. Жаяу да, көлікпен де ағылғандардың біразы өз еркімен келсе, енді біріне жұмыс орнынан міндеттеліпті. Қаладағы өзге орталықтарда да осындай жағдай. Өйткені «вирус жоқ» деген анықтама жұрттың жұмысына қайта баруына қажет екен. Тіпті бірнеше рет тапсырып жатқандар да кездеседі

Анна Ким, Алматы қаласының тұрғыны:

– Бізге жұмыстан ковидқа қатысты тест тапсыруды міндеттеді. Өзім банк қызметкерімін. Мекемеден қауіпті вируспен ауырған адам анықталғандықтан, бәрімізге осындай талап қойылды. Таңертен ерте келгенмін. Кезек күтіп тұрғаныма бір сағаттан асты.

Кейбіріне тексерілу ақысын жұмыс берушілер төлесе, енді бірі өз қалтасынан төлейді.

– Теңіз кенішіне тест болмаса, мені жұмысқа жібермейді. Өйткені онда ковид көп шығып жатыр. Қазір өз ақшама тапсырамын, кейін оның ақшасын төлей ме, төлемей ме, оны басшылықтан сұрамадым.

Ашық аспан астындағы орталықтан тек сынама алынып, емхананың зертханасына жіберіледі. Нәтижесі 6-7 сағатта дайын болады. Бағасы -15 мың теңге. Соңғы кезде келушілер санының еселеп артқанын орталық мамандары да растап отыр. Мәселен, наурыз, сәуір айында күніне 100-ге жуық адам тест тапсырса, қазір 2 жарым мыңнан асады.

Алмира Сәрсенбаева, тест орталығының қызметкері:

– Күніне көлікпен 70 адам өткен кездер болды. Қазір 20 пайызға көтерілді, блок-бекеттер ашқаннан кейін. Күніне 20-30 пайыз оң нәтиже шығады, симптомсыз.

Қаланың бас санитар дәрігері де соңғы уақытта ауруын анықтауға келгендердің саны ұлғайғанын айтады. Жалпы Алматыда бүгінге дейін 163 мың адам коронавирусқа тексерілген.

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының Бас санитар дәрігері:

– Қазір тексерудің ұзақтығына қатысты шағым түсіп жатыр. Алдағы уақытта арнайы жиын өткізіп, зертхана басшыларымен жиын өткіземіз. Жалпы қаладағы барлық зертханалар заманауи қондырғылармен, жоғары деңгейдегі технологиямен, толық автоматтандырылған. Бізде зертхана жеткілікті.

Қалада ПТР сынамасын алатын 6 зертханалық орталық жұмыс істейді. Осылайша жалпы алғанда күніне 5 жарым мыңнан аса адамның сынамадан өтуіне мүмкіндігі бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button