EconomyБасты

Қазақстандағы 72 ірі кәсіпорын елдің энергия ресурстарының 30% – ын тұтынады

Мемлекеттік энергетикалық тізілімге 2022 жылы 21 мыңнан астам ұйым мен кәсіпорын кірді

ҚР ИИДМ «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Қазақстанда энергия тұтынуды төмендету саясатын іске асыру мақсатында мониторинг жүргізуді жалғастырып келеді.

2012 жылы ҚР-да «энергия үнемдеу туралы» салалық заң қабылданды, ал 2013 жылдан бастап елде мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары ресми түрде күшіне енді. МЭТ операторы болып ҚР ИИДМ «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» АҚ анықталды. МЭТ-ге енгізілген энергия ресурстарының неғұрлым ірі тұтынушылары жыл сайын ұсынатын деректердің негізінде, институт энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жүргізілген іс-шараларға, бағалау және талдау жүргізеді.

МЭТ-ге енгізілген энергия үнемдеу туралы Заңға сәйкес кәсіпорындар энергия ресурстарын тұтыну көлемінің жыл сайын төмендеуін қамтамасыз етуге міндетті.

МЭТ субъектілерінің энергия тұтынуын талдау кезінде жылына 100 мың тоннадан астам шартты отын тұтынатын 72 кәсіпорын анықталды. Бұл негізінен тау-кен металлургия кешені мен өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары. Бұл ретте, олардың саны мемтізілімге енгізілген ұйымдардың жалпы санының небәрі 0,8% – ын құрайды. Бұл субъектілердің тұтыну үлесі, МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуының 84% – ы және 2020 жылы Қазақстан Республикасының энергияны жалпы тұтынуының 30% – ы тиесілі.

МЭТ субъектілері тұтынатын негізгі энергия ресурстары тас көмір (МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуының 51%) және табиғи газ (21%) болып табылады.

Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өткізген энергия аудиті Қазақстанда энергия үнемдеу әлеуеті 2,3 млн тонна шартты отынды құрайтынын көрсетті. Осы әлеуетті іске асыру кезінде елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығын жыл сайын 4% – ға төмендетуге болады.

Мысалы, «Қазмырыш» ЖШС-де энергияны тиімді үнемдеу іс-шараларын енгізе отырып, тазартылған бір тонна қорғасын өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығыны 25% – ға төмендеді, ал жылдық үнем 716 млн теңгені құрады. «КарЦемент» АҚ бір тонна цемент өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 10% – ға азайтты. Бұл ретте жылдық үнем 207 млн теңгені құрады.

2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстанның ірі кәсіпорындары энергия үнемдеу технологиялары мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға 150 млрд.теңгеге жуық инвестиция салды.

Нәтижесінде, 2019 жылға қарай Қазақстан Республикасы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33% – ға төмендеді. 2020 жылы МЭТ субъектілерінің жалпы тұтыну тағы 5% – ға төмендеді.

Атап айтқанда, өткен жылы энергия тұтыну жылына 58,2 млн тонна шартты отынды құрады, оның ішінде энергетиканың үлесі 48% (27,8 млн.т. у.т.), өңдеу өнеркәсібі – 24% (13,9 млн.), тау-кен металлургия кешені – 16% (9,4 млн.) құрады. 

Елімізде энергия тұтыну төмендеген, дегенімен басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жоғары энергия сыйымдылығының басты объективті себебі және жағдайды жақсартуға кедергі ішкі нарықтағы отын мен электр энергиясының қолжетімді құны болып табылады. 

2017 жылы Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты МЭТ ААЖ іске қосып, МЭТ субъектілерінен ақпарат жинау тетігін автоматтандырғанын атап өткен жөн. Енді кәсіпорындар ЭЦҚ көмегімен ақпаратты порталға өздері жүктейді. Бұған дейін Қазақэнергиясараптама қызметкерлері мәліметтерді қолмен толтыратын. Нәтижесінде деректерді өзектендіру бойынша жұмыс жеңілдеді.

2021 жылы ААЖ арқылы ақпарат ұсынған МЭТ субъектілерінің саны Тізілімге енгізілген кәсіпорындардың жалпы санының 91% – ына дейін өсті. 

Қазіргі уақытта мемлекеттік энергетикалық тізілімге 21 516 кәсіпорын енгізілді. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button