АҚШ-та ереуілдің жаңа толқыны белең алды
АҚШ-та ереуілдердің жаңа толқыны белең алуда. Бұл жолы да афроамерикандықтың өліміне қатысты, деп хабарлайды 24.kz
Белсенділер қара нәсілді Рейшард Брукстың өліміне қатысты тергеу ісіне көңілдері толмайды.
Естеріңізге салайық, таяуда Брукс Атланта қаласында полиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан. Қара нәсілді азамат полицейлердің ұстау кезінде алған жарақатынан көз жұмды. Полицияға дәмхана өкілдері қоңырау шалып, ғимаратқа кіретін жолды бір көлік бөгеп тұрғанын жеткізеді.
Тәртіп сақшылары келгенде көлікте ұйықтап қалған мас жүргізушіні көреді. Алайда 27 жастағы Рейшард Брукс полицейлерге берілудің орнына қолына электрошокер алып, қашуға тырысқан. Оқиғадан кейін афроамерикандық азаматқа қару қолданған офицер қызметінен кетті.
Алайда наразы жұртты бұл шешім қанағаттандырмай отыр. Ашуға бой бергендер шаһар көшелеріне шығып Брукс отырған мейрамхананы өртеп, тәртіпсіздік орнатқан.