2021 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты.
«Өнеркәсіп өндірісі 11,8%, сауда көлемі – 22,2% артса, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 трлн-нан асып, 101,3% құрады. Бір млн шаршы метрден астам тұрғын үйлер қолданысқа беріліп, облыс экономикасына 728 млрд теңге инвестиция тартылды», — деді Қ. Бозымбаев.
Биылғы жылы да экономикалық өсімнің тұрақты динамикасы сақталатын болады.
«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес облыс орталығында қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мемлекеттік органдардың төрт нысаны жөнделді. Облыс әкімдігі, полиция басқармасы және Нұр Отан партиясы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлері отбасыларының әрқайсысына 5 млн теңгеден өтемақы төленді. Екінші деңгейлі банктермен қаза тапқандар мен олардың туыстарының кредиттері кешірілді. Зардап шеккен 135 полиция қызметкері мен әскери қызметшілерге 2 млн теңгеге дейін төленуде. Шағын және орта бизнестің 147 субъектісіне жалпы сомасы шамамен 4 млрд теңгеге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыс басталды», — деді облыс басшысы.