Биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы қалыптасты. Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданды? Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында айтты.
Осы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен бензин өндірісі 4,7 млн тонна, дизель отыны – 4,8 млн тонна, мазут – 2,4 млн тонна, битум – 933 мың тонна және авиакеросин – 600 мың тонна деңгейінде болады деп жоспарланған.
«Биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы қалыптасты. Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:
- Автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды;
- Атырау мұнай өндеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылды;
- Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмыстары 2021 жылғы қыркүйектен қараша айына кейінге қалдырылды;
- Ресей Федерациясының мұнай өндеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталды.
Жедел шаралар арқасында дизель отыны нарығында жағдай тұрақталды», деді министр.