Түркістан облысының полицейлері браконьерлерден қоян мен қызыл кітапқа енген қарақұйрықтың етін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау инспекторлары Арыс ауданы аумағында браконьерліктің кезекті дерегін анықтады. Яғни жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Жиделі ауылының маңында жабайы аңдарды заңсыз аулаған күдіктілерді ұстады. Олар бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған Арыс ауданының екі тұрғыны болып шықты.
Анықтай келе, күдіктілердің кешкі сағат 22:20-да жайылымдардың бірінде ҚР Қызыл кітабына енгізілген жабайы қоян мен қарақұйрықты атып өлтіргені белгілі болды.
Тексеру кезінде полицейлер күдіктілерден ауланған жануарлардың етін (ұшасын), сондай-ақ тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы мен бір дана жарықшам тәркіледі. Браконьерлер аудандық полиция бөліміне толық мәнжайды одан әрі тексеру үшін жеткізілді.
Бұл жайт Арыс АПБ-де ҚК 337-бабы 4-бөлігі (Заңсыз аң аулау) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз аң аулау мен табиғи ресурстарды өндіргені үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.