SocialБасты

KAZLOGISTICS: Еліміздегі ақылы жол басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан

«KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлері одағының автокөлікпен тасымалдаушылары әлемнің 40-тан астам еліне жүк тасымалдайды және ақылы жүйе енгізілген жолдармен жиі жүреді.

Ақылы жол – әлемдік тәжірибе. Мысалы, Ресей ақылы жол жүйесін 2013 жылдан бері пайдаланып келеді. Қазір оларда жүк көлігінен 1 километрге 7-ден 55 теңгеге дейін төлем алады.  Ақылы жол жүйесі 8 жыл бұрын енгізілген Беларусияда баға бұдан да жоғары. Оларда 1 километріне – 47-ден 77 теңгеге дейін, Түркияда жүк көліктері ақылы жолмен жүргені үшін километріне 60 теңге төлесе, Қытайдың жүк тасымалдаушылары 70 теңге төлейді. Украина биыл ғана ақылы жол жүйесін енгізді. Олар жүк көлігіне бірден 72 теңге белгіледі.

 «Біз 40-тан астам елге жүк тасымалдаймыз. Біз тарифтерді, жолдардың сапасын басқа елдермен салыстыра аламыз. Қазақстанда ақылы жол тарифі әлдеқайда арзан, ал сапасы – тиісті деңгейде деп сеніммен айта аламын», – дейді «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлері одағының бас директоры Ерлан Абсатов.

Қазақстан мен Ресейде алғашқы ақылы жол жүйесі 2013 жылы енгізілді. «Нұр-Сұлтан-Щучинск» тас жолы толығымен жаңартылды. Ол кезде тасымалдай алатын жүгінің салмағына байланысты жүк көліктері үшін 1 километргіне 5 теңгеден 25 теңгеге дейінгі тариф бекітілді. Қазір ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы учаске бар. Төлемнен түскен қаржы тек осы жолдарды күтіп-ұстауға және пайдаланушылар үшін маңызды қызметтерді жақсартуға жұмсалады.

Биыл Қазақстанда ақылы жолдарды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте қайта жаңартудан өткен бірінші санаттағы жолдар ақылы болады. Олар: Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі – «Қайнар – Тараз», «Тараз – Шымкент», «Шымкент – Түркістан – Қызылорда», «Шымкент – Ташкент», сондай-ақ Талдықорған қаласын айналып өтетін «Қапшағай-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Ақтау – Жетібай-Жаңаөзен» дәліздері, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларын айналып өту жолдары. Бұл санат үшін тарифтер өзгертілмей, 2013 жылғы деңгейде қалады. Отандық тасымалдаушылар үшін тарифтер басқа елдерге қарағанда едәуір төмен. Мәселен, бүгінгі таңда шетелдік жүк тасымалдаушылар біздің жолдарды тегін пайдаланады, ал басқа елдердегі отандық тасымалдаушылар жоғары тарифпен төлем жасайды. Cондықтан, ақылы учаскелер көбейген сайын, шетелдік жүк тасымалдаушылар да біздің жолдармен жүргендері үшін ақы төлейтін болады. 

Қазір мемлекет, бизнес қауымдастық және тасымалдаушылар арасында қызмет көрсету мен жол инфрақұрылымын жақсарту мәселелері бойынша кең ауқымды талқылау жүріп жатыр. 

Анықтама:

«KAZLOGISTICS» – Қазақстанның көлік компанияларының одағы, көлік-логистикалық кешеннің барлық түрінің, оның ішінде теміржол, автомобиль, су көлігі, азаматтық авиация және көлік логистикасы ұйымдарының, қауымдастықтарының және одақтарының 570 өкілінен тұратын 58 мүшесі бар. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button