Қазақстан Президенті Әзербайжан Милли Мәжілісінің спикері Сагиба Гафарованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы екі елдің парламентаралық диалогының жанданып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Кейінгі жылдары парламенттік дипломатия бірте-бірте саяси маңызға ие болып келеді. ТүркПА-ның жуырда өткен отырысының қорытындылары – мұның анық дәлелі. Аталған жиын өте табысты болды және бірлескен өте мазмұнды құжат қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Милли Мәжіліс спикері кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Президент Ильхам Әлиевтің жүрекжарды сәлемін жеткізді. Сонымен қатар ТүркПА жұмысының қорытындылары туралы айтты.
– Біз Ассамблеяның жұмысына атсалысқанымызға өте қуаныштымыз. Қазақ халқының рухани орталығы – Түркістанда болған екі күн ішінде, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға куә болдық. Көргеніміздің бәрі бізді қатты тамсандырды. Әзербайжан мен Қазақстан бауырлас мемлекеттер. Бізді түркілік тамырымыз, ортақ мәдениетіміз бен дәстүріміздің ұқсастығы сияқты көп дүниелер біріктіреді. Сонымен қатар Әзербайжан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер, – деді Сагиба Гафарова.