2021 жылғы 23-24 тамызда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы А. Марстың Россельхознадзор басшысының міндетін атқарушы А. Кармазинмен карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру, жедел ақпарат алмасуды жолға қою және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарды бұзу фактілеріне бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау, карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдануды зертханалық қамтамасыз ету, өсімдік шаруашылығы өніміндегі гендік-модификацияланған организмдердің(ГМО) заңсыз айналымына жол бермеу саласындағы екі жақты өзара іс-қимыл мәселелері бойынша екіжақты келіссөздер өтті.
Кездесу аясында жедел ақпарат алмасу және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарды сақтау мақсатында Қазақстандық бірыңғай автоматтандырылған басқару ақпараттық жүйесі ЕАСУ АЖ мен Ресейлік «Аргус-Фито» Федералдық мемлекеттік ақпараттық жүйесі араларындағы интеграциялау жұмыстарын жүргізу жоспары келісіліп, бекітілді. Интеграция жоспарында іске асырудың нақты мерзімдері белгіленген. Интеграция тараптардың заңнамаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» РММ мен «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығы» ФМБМ арасында зертханааралық салыстыру сынақтарын жүргізу, карантиндік объектілерді сәйкестендірудің озық әдістерін қолдану саласындағы екі елдің зертханалары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша келісімге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері мен ауруларына қарсы күрестің биологиялық әдісін дамыту мәселелері бойынша бейінді ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен ғылыми-практикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде де өзара келісімге қол жеткізілді.
Келіссөздер барысында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының шекара маңындағы аумағында орналасқан фитосанитариялық бақылау бекеттері арқылы фитосанитариялық тәуекелі жоғары өсімдік өнімдерін өзара жеткізу жөніндегі проблемалық мәселелерге, өзара сауда кезінде залалданған карантинге жатқызылған өнімді жеткізу фактілерінің жолын кесу жөнінде қолданылатын шаралар және нотификацияларда көрсетілген фактілер бойынша ресми тергеу нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Министрлік «Qaztomat» ЖШС жылыжай кешенінің аумағынан қызанақ экспортын қайта жаңдандыру мәселесін көтерді, Россельхознадзор өкілдері бұл мәселені жедел қарауға және қабылданған шешім туралы ведомствоға хабарлауға дайын екендіктерін білдірді.
Екі жақ өкілдері өзара өсімдік текті өнімдердің ГМО-ға қойылатын заңнамалық талаптары туралы ақпарат алмасып, осы бағыт бойынша бақылауды өзара күшейту қажеттілігі туралы шешімге келді.
«Астық қауіпсіздігі туралы» КО ТР 015/2011 техникалық регламенті талаптарының сақталуын, оның ішінде астықты өздігінен декларациялауды, оны декларациялау кезінде зертханалық зерттеулер жүргізудің толықтығын бақылауды күшейту және фитосанитариялық сертификаттарсыз карантинге жатқызылған жоғары фитосанитариялық тәуекел өнімдерінің айналысына жол бермеу бойынша келісілді.
ЕАЭО деңгейінде одақтың кедендік аумағындағы пестицидтердің айналымы мәселелерін реттейтін «Пестицидтердің қауіпсіздігі туралы» бірыңғай техникалық регламентті әзірлеу мәселесіне бірлесіп бастамашылық ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Келіссөздер мен қол жеткізілген келісімдердің қорытындысы бойынша екі елдің фитосанитариялық қызметтерімен бірлескен кездесу Хаттамасына қол қойды.