SocialБасты

Қазақстандықтарды баспана кезегіне тіркейтін платформа өзгерді

Отбасы банк қазіргі уақытта «Кезекте тұрған азаматтар тізімі көрсетілген бірыңғай дерекқор» сервисі өшірулі тұрғанын айтты. Бұдан былай жергілікті әкімдіктер қазақстандықтарды баспана кезегіне Kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы тіркейді деп хабарлады Elorda.info.

Қазіргі уақытта «Кезекте тұрған азаматтардың тізімі көрсетілген бірыңғай республикалық дерекқор» сервистік бағдарламалық өнімі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті шешімімен өшірулі тұрғанын хабарлаймыз. Енді жергілікті әкімдіктер, қазақстандықтарды баспана кезегіне Kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы тіркейді, – делінген хабарламада.

Банк таратқан ақпаратқа сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының кедергісіз жүзеге асырылуы үшін Отбасы банк жаңа платформамен интеграция шарасын өткізуде. Барлық қажетті техникалық жұмыстар 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондықтан қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама бойынша нысандарға жаңа өтінім қабылдау, несиеге өтінім беру мүмкін емес.

Конкурсқа қатысуға немесе тікелей сату арқылы тұрғын үй сатып алуға жолданып жатқан өтінімдерді қабылдау мерзімі ұзартылады. Сондай-ақ пулдар бойынша біліктіліктен өту кезеңдері (пәтер таңдау мерзімі мен үлестіру күнін қоса алғанда) және тікелей сатуға арналған біліктілік кезеңдері де ұзартылады, – дейді банктің баспасөз қызметі.

Отбасы банк мерзімдерді ұзарту туралы хабарландыруларды банктің ресми сайтынан бақылап отыруға кеңес береді. Айта кетсек, банк бұрын жергілікті әкімдік арқылы кезекте тұрған азаматтарға жаңа платформада қайта кезекке тұру қажет емес екенін ескертеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button