EducationБасты

Вакцинаның екі компонентін алған ШҚО университетінің студенттері демалыс базасына жолдама алды

«ШҚУ – мықты иммунитет орталығы» акциясы аясында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ынталандыру шаралары жарияланған болатын. Бүгін алғашқы болып екпе алған белсенділер Сібе демалыс орнына жолдама алды, деп хабарлайды С. Аманжолов атындағы университеттің баспасөз хатшылығы.

Оқу орын ректоры Мұхтар Төлеген студенттердің ұлт саулығын сақтау жолында жаппай вакцинациялау науқанынан тыс қалмай, жоғары жауапкершілік танытып, белсенді түрде екпе алып жатқанын жеткізді.

– Акция жарияланған кезден вакцинаның екі компонентін алған студенттер арасынан көш бастап алғашқы болған жиырма жас белсендімізге университетіміздің «Сібе» оқу-ғылыми іс-тәжірибе орталығына жолдама бердік. Біз жаңа оқу жылына, дәстүрлі оқу форматы дайынбыз. Университетімізде санитарлы-эпидемиологиялық дайындық шаралары толық жүргізілуде. Маусым айынан бастап «Ashyq» жүйесі жұмыс істеп тұр. Барлық аудиториялар, зертханаларда, спорт және өзге оқу барысына арналған нысандарда қажетті жұмыстар атқарылуда, – деді Мұхтар Төлеген.

Бүгінде университет жарияланған ынталандыру шарасы аясында алпыстан астам студент арнайы жеңілдіктер мен марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 24 студентке жатақхана ақысын төлеуге жеңілдік, 17 студент фитнес орталық пен бассейнге жолдама алды. Айта кетейік, ынталандыру шарасы оқу жылы басталғанға дейін жалғасын табады.

Болашақ химия пәнінің мұғалімі, 4 курс студенті Нұршуақ Дастан денсаулық ең алдымен өзімізге керек, сондықтан алғашқылардың бірі болып екпе алғанын айтады.

– Біздің группамыздағы барлық студенттер вакцина алды. Себебі, әрбір адам өз өміріне жауапкершілігін осы вакцина алғанынан байқауға болады деп есептеймін. Вакцинация – бұл өзін-өзі сақтау. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді ғой, мен өзімнің денсаулығымды күтіп, спортпен айналысып, осы коронавирус басталғалы иммунитетімді жақсартудамын. Иммунитеті бар адам ол коронавируспен ешқашан ауырмайды деп ойлаймын. Бүгінгі демалысты өте жақсы өткізіп жатырмыз. Жақсы спорттық ойындар ойнап, қызықты іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Осындай қызықты демалыс ұйымдастырып берген университетімізге үлкен алғыс білдіреміз, – дейді Нұршуақ Дастан.

Демалысқа жолдама алғандар қатарында компьютерлік мехатроника мамандығының 2 курс студенті Ербол Тұрсынбай бар. Өзге емес, өзім үшін вакцина алдым деген белсенді жас, жерлестерін вакцина алуға шақырады.

– Мен осы шілде айының басында Спутник V вакцинасын алдым. Жалпы бұл әлемге келген қауіп қой, сондықтан ең бірінші өз денсаулығым үшін салдырдым. Осы вакцина алуымның арқасында міне «Сібе» орталығына демалысқа келіп отырмын. Бұл расында университетіміздің жасап отырған жеңілдіктерінің бірі. Әрине, баршамызды қуантады. Осындай керемет жерлерді көруге, қызықтауға мүмкіндік беріп отыр. Баршаңызды қорықпауға, вакцина алуға шақырамын.

Жалпы, қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерінің 86, қызметкерлердің 98 пайыздан астамы вакцинацияланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button