Мемлекет басшысы «Эни С.п.А.» компаниясының Атқарушы директоры Клаудио Дескальциді қабылдады.
Кездесу барысында Қашаған және Қарашығанақ ірі мұнай-газ жобаларының жүзеге асырылуы жөніндегі жоспар қарастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жалғасып жатқан пандемия жағдайына қарамастан, Қашағандағы қазіргі жобалардың іске асырылу қарқыны сақталып отырғаны туралы баяндалды.
Клаудио Дескальцидің айтуынша, мұнай өндіру ісін арттыру жөнінде бірқатар маңызды инвестициялық шешім қабылданған. Консорциум Қашаған кен орнын толыққанды игерудің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ газ өңдеу қуатын күшейту жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы энергетикалық бағыттағы инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыруға Қазақстанның баса мән беретінін айтты. Осы ретте, Президент отандық өнім үлесінің жоғары болуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек әңгімелесу барысында жер қойнауын игеру, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.