Қазақстанда бүгінде сүт өнімдерін цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Жобаға цифрлық таңбалау процестерін сынақтан өткізетін қазақстандық өндірушілер қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР-да сүт өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауды енгізу 2022 жылға жоспарланып отыр.
Сүт саласындағы көлеңкелі айналым 13% – ды құрайды, бұл Қазақстанда сатылатын әрбір сегізінші сүт өнімі тұтынушының денсаулығы үшін қауіп төндіретінін білдіреді.
Цифрлық таңбалау және тауарлардың қадағалануы сапасыз өнімдермен күресудің негізгі құралы болып табылады. Біріншіден, Data Matrix коды мерзімі өткен тауарлардың кассалық шығарылымын блоктайды, дүкендер мен дистрибьюторлар цифрлық кодтағы жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты өзгерте алмайды. Екіншіден, таңбаланған өнімді сатып алушы Naqty Onim мобильді қосымшасының көмегімен өндірушіге және мемлекеттік органдарға бұзушылықтар туралы сигнал бере алады. Үшіншіден, крипто-қорғаныс және цифрлық кодты қолдан жасай алмау өнімнің өзін де жалған жасауға мүмкіндік бермейді. Бұл шаралар нарықты «ағартуға» және қазақстандық тұтынушыны сапасыз өнімдерден қорғауға көмектеседі.
Сонымен қатар, таңбалау процесі тауарларды өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бақылауды арттырады, өйткені өнімнің барлық логистикасы таңбалау жүйесінде көрінеді. Жүйе әр қаптама үшін Data Matrix кодын жасайды.
Бұл ретте өнімнің бөлшек сауда бағасында таңбалауға арналған жабдыққа өндіруші шығындарының үлесі 0,06-дан 0,15% – ға дейін құрайды. Мәселен, бір желі үшін таңбалау жабдығының құны кәсіпорынның көлеміне және өнім түрлеріне байланысты 0,5-тен 9,2 млн теңгеге дейін түрленеді.
Бұдан басқа, сүт өнімдерін өндірушілер үшін мемлекеттік қолдау шаралары көзделетін болады, олар таңбалау жабдығына жұмсалатын шығындардың 50% – ына дейінгі өтемақыны және кодтарға тапсырыс беру шығыстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, шағын өндірістерде таңбалау кодтарын өндірістік желіге салу бойынша жабдықты орнатпау, ал кодты баспахана арқылы қаптамаға салуға тапсырыс беру мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.
Айта кетейік, 2021 жылғы 1 маусымнан бастап Ресейде және 8 шілдеден бастап Беларуссияда сүт өнімдерін, атап айтқанда балмұздақ пен ірімшіктерді міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Сондықтан Қазақстанда тауарларды Data Matrix кодымен таңбалау отандық өндірушілерді қорғау және елдің сүт саласының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін маңызды факторға айналуда.
Естеріңізге сала кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба болып табылады. ҚР-да 2020 жылдың 1 қазанынан бастап темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киімді міндетті таңбалау басталады. Қазіргі уақытта сүт саласынан басқа, пилоттық жобалар алкоголь, фармацевтикалық препараттар, қапталған су және құрамында қант бар сусындар мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау бойынша өткізілуде.