Мұнай өндіру көлеміне қатысты Қазақстан ұстанымы айқындалды
Тәуліктік мұнай өндіруді 9,7 миллион баррель деңгейінде ұстап тұру келісімін ұзарту туралы шешімі қабылданды, деп хабарлайды Sputnik.kz
Қазақстан бұрынғы деңгейде мұнай өндіруді бір айға ұзарту туралы ОПЕК+ келісімін қолдады, деп хабарлайды энергетика министрлігі.
«Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қатысқан ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің кездесуінде тараптар мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррель деңгейінде қысқартуды шілде айының соңына дейін ұзартуға шешім қабылдады», – делінген ресми хабарламада.
Ноғаевтың пікірінше, келісім әлемдік мұнай индустриясына оң әсер еткен.
«Мұндай шешім қабылдау қоймаларда тауардың іркілуін тежеп, өз кезегінде мұнайдың әлемдік бағасының өсуіне серпін берді», – деді ол.
Айта кетейік, 6 маусым, сенбі күні ОПЕК+ келісіміне мүше-мемлекеттердің кездесуі өткен болатын.
Сондай-ақ құрлықаралық биржада Brent мұнайын тамыз айында жеткізу келісімшартының ең жоғарғы көрсеткіші барреліне 42,37 долларға жеткен. Ал бұл 22 сәуір күнгі баға құлдырауындағы төменгі көрсеткіштен 26,5 долларға артық.