Соңғы жылдары Жайық өзенінің ағыны 3 есе қысқарды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Климаттың өзгеру салдары қазірден байқалуда. Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы соңғы 100 жылдың ішінде 1,37 градусқа көтерілген. Министрдің айтуынша, мұның барлығы су ресурстары проблемасына алып келеді.
«Өйткені, Қазақстан көптеген трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Қазақстанға су ресурстарының 40 пайыздан астамы көрші елдерден келеді. Жайық өзені айқын дәлел бола алады. Соңғы жылдары оның орташа жылдық ағыны үш есеге қысқарып отыр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.