Әлем

Ресей Украинаға қай күні шабуыл жасайды? Украин полковнигінің пікірі

Соңғы күндері украин шекарасына әскерін шоғырландырып жатқан Ресей, шабуылды 9 мамыр күні бастауы мүмкін. UNIAN.NET басылымы украин қорғаныс министрлігінің антитеррористік операция бойынша бұрынғы спикері, полковник Андрей Лысенконың осындай пікірін жариялаған.

«Ресейдің украин жеріне шабуылы – тек уақыт еншісіндегі мәселе. Олар қазір – соғысқа NATO араласқан жағдайда оқиғаның қалай өрбитінін, өзінің күшін бажайлап отыр. Батыс (Еуропа мен АҚШ – jana-kezen.kz) жақтан ескерту неғұрлым көп болса, соғыс болатын күн де соғұрлым шегеріле береді. Украина шекарасына соншама әскердің шоғырлауының астарын жаттығу деген желеумен түсіндіре салуға болмайды. Әскерді бұлайша әрі-бері тасымалдау арзан шаруа емес», –

дейді полковник.

Лысенко, Ресейдің Украинаға соғыс ашуға мәжбүрлеп отырған себептерді де тізіп көрсеткен. Оның ойынша шабуыл жасауға – 2014 жылы Украинадан тартып алынған Қырымдағы су тапшылығы; президент Владимир Путиннің рейтингінің құлдырауы; Ресей халқының назарын тұралап қалған экономикадан басқа жаққа аудару; Батысқа қыр көрсету сияқты бірнеше себеп бар. Алайда, полковниктің ойынша, шабуылды кешеуілдетудің себебі ұрыс тактикасына да байланысты болуы мүмкін.

«Шабуылдың кешеуілденуіне тағы не себеп болуы мүмкін? Мысалы, табиғат әлі жасыл жамылып үлгермеді. Қыстан шыққан талдар әлі жапыраққа оранбады, сондықтан әскери техниканы жасырын жеткізу мүмкін емес дерліктей. Ал кей жерлерде топырақ әлі ылғал әрі жұмсақ, техниканың тез жылжуына кедергі келтіреді», –

дейді Лысенко.

Полковник, Ресейдің шабуылының неліктен 9 мамыр күні болуы мүмкін екенін тұсіндіре кеткен.

«Шабуыл неге 9 мамыр күні басталуы мүмкін? Себебі бүкіл Ресейде Жеңіс күніне қуатты дайындық жүріп жатыр. Ал 9 мамыр күні әскери парадты Украина жерлерінде жалғастыру дәмесі болуы мүмкін. Бұл орыс ұлтшылдары үшін киелі мәнге ие болып, психологиялық дем болар еді», –

дейді маман.

Бұған қоса, Лысенко, Ресейдің соғысқа дайындалуының жанама белгілері барын да айтып өтті. Мысалы, Ресей ауруханалары жаралы әскерилерді легімен қабылдауға дайындалып жатыр екен.

«Америка генералы, соғыс алдында жаудың госпитальдарды орната бастауын бақылаңдар деген. Бәлкім, оның айтқаны дұрыс та шығар, бірақ тап осы жағдайда олай емес. Ресей Қырымды басып алу сияқты әрекетттерге ғана алдын ала дайындалады. Украин шекарасына жақын елді-мекендердің азаматтық ауруханалары әскерилердің басшылығымен жаралы жауынгерлерді легімен қабылдауға, қан қорын жасауға 2014 жылдан бері дайындалып келе жатыр. Ал дала госпитальдары бір тәулік ішінде орнатылып бітеді. Бұған қоса, Азов және Қара теңіз флотилиялары әскери техника мен бөлімшелерді тиеп тасымалдауға жаттығып жүр. Тексеріп көруіңізге болады: ресейлік кез келген кеменің капитанында әскери формуляр бар», –

дейді полковник Лысенко.

Басқа жаңалықтар

Back to top button