Индонезияда тропикалық дауыл салдарынан құрбан болғандар саны 130 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тағы 72 тұрғын ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Құтқарушылар оларды әлі күнге дейін іздестіріп жатыр. Жергілікті тұрғындардың мыңдаған үйлері жойылған. Жартылай қираған ғиматтарда есеп жоқ. Сондай-ақ елді мекендердің арасында жалғайтын бірнеше көпірді суы шайып, қарым-қатынас үзілді. Тасқын мен лай көшкіні болған аймақтан 10 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Олар табиғи апат тағы қайталануы әбден мүмкін деп ескертті.