Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта отандық телеарна тілшілерімен жүздесіп, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап береді. Бұл туралы бүгін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли 24kz арнасына берген сұхбатында айтты.
Ел билігі ашық ақпараттық саясат ұстанады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуы да соның дәлелі.
Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасын өзі жүргізіп, қоғам арасында қызу талқыланатын мәселелерді үнемі бақылап отырады. Ұлттық сенім кеңесінің құрылуы да азаматтарымызды мазалайтын түйіткілдерді заң жүзінде шешуге бағытталған.
Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:
– Президент енді көп сұхбат беріп, сөйлеп, осындай пікір алмасқаннан гөрі біздің Президент істің адамы десек болады. Көп жағдайда сөзден гөрі іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалайды. Ал телеарналарға сұхбат беруге келетін болсақ, жалпы ол ойда бар.