SocialБасты

Денис Тен қаза тапқан жер: камера мәселесі шешілді

Алматының Алмалы ауданындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысы - 2018 жылдың жазында көлік айнасы үшін танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақталған орын. 2021 жылдың 14 ақпанында осы жерге жақын маңда блогер Арман Юсуповтың көлігіне шабуыл жасалып, ішіндегі құнды заттар ұрланды. Бұл учаскеде бейнебақылау камералары жоқ болып шықты. Дегенмен жақында қазақстандық кәсіпкерлер бұл мәселені шешкені белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Арман Юсуповтың айтуынша, ол болған оқиғаны әлеуметтік желілерде бөліскеннен кейін адамдар осы Құрманғазы-Байсейітова көшелерінде сөмкелері ұрланғанын, әйнектері шағылғаны туралы оқиғаларын айта бастаған.

«Осыдан кейін істі аяғына дейін жеткіземін деп шештім, Stories-те Алматы әкімдігін белгілей бердім. Алайда маған бюджетте қаражат жоқ деген жауап келді. Кейін мәслихат депутаты Асқар Білісбеков хабарласып, камера қою неге кешіктіріліп жатқанын айтты. Бұл камераларды орнатудағы, полиция серверіне қосылудағы және басқа да қиындықтарға байланысты. Бірақ мен процесті тездетуді ұсындым.

Нәтижесінде 16 наурызда камералар орнатылды. 23 наурызда барып, бұған көз жеткіздім. Әлеуметтік желілерде барлық камера жұмыс істейтінін айттым. Камера – бұзақыларды табудың оңай жолы, мұны маған құқық қорғау органдарының қызметкерлері айтты. Бұл жерде бұдан былай мұндай проблемалар болмайды деп үміттенемін», – деді Юсупов.

Мәслихат депутаты Асқар Білісбеков камералар кімнің есебінен орнатылғанын айтты.

«Бастапқыда камераларды «Адамдар жаппай жиналатын орындарда видеомониторинг жүйесі» бағдарламасы бойынша бюджет қаражаты есебінен орнату жоспарланған. Бірақ аты-жөнін атамауды сұраған бизнесмендер көмекке келіп, камераны уақытынан бұрын орнатуға мүмкіндік туды. Қомақты сома емес, бірақ олар өз үлесін қосқысы келді.

Қала әкімдігі, полиция департаменті және «Арыстан құрылыс» бірлесіп, осы мәселені тез арада қарастырдық. 16 наурызда үш камера орнатылды», – деді депутат.

Еске салайқ, ақпанда алматылық блогер Арман Юсупов танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қаза тапқан жерге жақын маңда көлігінен сөмкесі ұрланғанын айтты.

Алматы ПД баспасөз қызметі факт ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде тіркелгенін хабарлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button