AgroБасты

Ауыл шаруашылығы министрінің Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысындағы баяндамасы

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Құрметті Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшелері!

Негізгі күн тәртібін қарастырғанға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Атап айсақ, бүгінгі күні:

– мемлекеттік шекарадан арақашықтықты айқындай отырып, шекара маңындағы аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) азаматтарға беруге тыйым салынған;

– халықтың жеке малын елді мекендердің маңында күтіп-бағу мұқтаждықтары мемлекет мұқтаждықтары санатына жатқызылды, бұл оларды мәжбүрлеп алып қоюға заңнамалық негіз береді;

– ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2019 жылы Жер кодексіне Жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану жөнінде өзгерістер енгізілді. Яғни, пайдаланылмайтын жерлерді анықтау үшін енді жүйелі бақылау, жерүсті түсірілімдерін жасау, зерттеп-қарау, түгендеу нәтижелерімен қатар, ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылатын болады;

– ұқыпсыз жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу мақсатында 2020 жылғы желтоқсанда Салық кодексіне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайтуды көздейтін түзетулер қабылданды;

– жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленіп, онда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделді;

– жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді.

Аталған Заң жобасының мақсаты жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету, жер комиссиясы институтын алып тастау, жер учаскесінің бөлінуін мемлекеттік органдармен, монополист ұйымдармен келісуді электрондық форматта жүргізу болып табылады;

– ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстар арқылы беру тәртібінің бөлек егжей-тегжейлі регламенті әзірленді;

– конкурстық комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның құрамына заңнамалық түрде Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ы мөлшерінде қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері енгізілді;

– жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай, күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді;

– бекітілген үлгілік шартқа сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына мониторинг жүргізу тәртібі заңнамалық түрде белгіленді. Мәселен, мониторинг жалға алудың алғашқы 5 жылында жыл сайын, ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жыл сайын, тәлімі жерлерде әрбір 5 жыл сайын жүзеге асырылады.

Жергілікті халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін жайылымдар беру мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оның шеңберінде 2 жылдық мерзімге жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеп, бекіту көзделді. Бұл жоспарлар халықтың мал жаюын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған.

Бұл ретте, жайылымдарды беру мен пайдалануға байланысты іс-шараларды жүргізу кезінде жариялылықты қамтамасыз ету үшін Жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жоспарын әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қатыстыру заңнама жүзінде көзделді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды пайдалану жөніндегі жыл сайынғы есептерін тыңдап, талқылайды, жайылымдарды қайта бөлу мәселесін қарауға, Жайылымдарды басқару жоспарын іске асыруға қатысады, жайылым пайдаланушылармен, жайылым пайдаланушылар бірлестіктерімен жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жүргізеді.

Бұл ретте 2015 жылдан бастап пайдаланылмайтын жерлердің анықталуын мемлекеттік бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

2016 – 2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өспелі қорытындымен 15,4 млн. гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, оның 5,4 млн. гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 5,6 млн. гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, ал 4,4 млн. гектарды сот органдары арқылы алып қою жұмыстары жүргізілуде.

2019 жылы заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды.

2020 жылғы желтоқсандағы жай-күй бойынша аталған өңірлердегі пилоттық жоба аяқталды.

Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша пилоттық өңірлерде 8,3 млн. га анықталды, бұл негізінен 7,6 млн. га жайылым, 0,7 млн. га егістік жерлер. Оның ішінде 2,2 млн. гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 2,6 млн. генктары мемлекеттік меншікке қайтарылды, 3,5 млн. гектар бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеуде.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ғарыштық мониторинг республиканың бүкіл аумағында қолданылуда.

Енді, Жер комиссиясының бүгінгі отырысының күн тәртібіне көшсек…

Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілген болатын. Бұл мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

Енгізілген мораторийде мынадай шектеулер көзделген:

– шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын беруге тыйым салу;

– жарғылық капиталында шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салу;

– қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған жеке меншік құқығын беруге тыйым салу;

– ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығаруға тыйым салу.

Шетелдіктер бойынша мораторий нормаларына келер болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында бұл жөнінде түпкілікті саяси шешім қабылдады.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейді деп шешті. Шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне арнайы Жолдаумен енгізілді, қазіргі уақытта ол жұмыс топтарында қаралу сатысында.

Енді мораторийдің кейбір мәселелері ғана шешілмеген күйде тұр, бұлар – ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жеке меншікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері.

Қазақстандықтар үшін жеке меншік мәселесінің тарихына қысқаша тоқталып өтейін. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы 2003 жылдан бастап заңнама жүзінде бекітіліп беріліп, ауыл шаруашылығы жерін не жеке меншікке сатып алуға не 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіндік берілді.

2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізілді, оның шеңберінде қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алып тасталды. Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50%-ы мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жеке меншікке сатып алуға міндетті болды.

Ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару мүмкіндігіне келер болсақ, бұл түзету де 2015 жылы енгізілген болатын.

Бұл түзетулерге 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен мораторий енгізіліп, тиісті заң қабылданды.

Жер комиссиясының отырыстары аясында жоғарыда аталған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау ұсынылады.

Назарларыңызға рахмет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button