ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысындағы су тасқыны салдарынан қауіп төнуі мүмкін елді мекендерге баспасөз турын ұйымдастырды.
Баспасөз туры Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылындағы «Безымянная» тоғанынан басталды. Бұл тоған 1968 жылдан бері пайдаланылып келеді. Алайда, Аршалы ауданының ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Марлен Бабаевтың айтуынша, 2020 жылы жүргізілген тексеру барысында тоған қанағаттанарлық жағдайда емес екені анықталған.
«Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Ақмола филиалы жұмыстар жүргізіп, шлюз құрылғыларындағы су қысымын төмендету үшін тиісті жұмыстарды атқарды. Бөгеттерге ішіне құм салынған сыйымдылығы 500 келі болатын қаптар қойылды», – деп түсіндірді Марлен Бабаев.
Сондай-ақ ТЖБ бастығы биыл су тасқынының болуы немесе болмауы «Астана» су қоймасындағы су деңгейіне байланысты екенін айтты.
«Астана су қоймасынан қанша су жіберілсе, сонша су осында келеді. Қазіргі уақытта санитарлық су ағызу жұмыстары жүргізілуде. Оның мөлшері –шамамен 3 куб. м/с. Егер су осы қалыпта келсе, біз қабылдай аламыз және су басу қаупі болмайды»,- деп түсіндірді ТЖБ бастығы.
Бірақ Департамент әлі де су тасқыны қатты болуы мүмкін деп болжап отыр.
1 наурыздағы гидрологиялық болжам деректері бойынша:
– топырақтың қатуының орташа тереңдігі 130 см. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен және көпжылдық орташа өлшем мөлшерінен (2017ж. (118см), 2018ж. (140 см), 2019ж. (136 см), 2020ж. (94 см) жоғары.
– топырақтың күзгі ылғалының мөлшері – 93 мм. Бұл 2018 (102 мм) және 2019 жылдардағы (105 мм) көрсеткіштерден төмен. Бірақ 2020 (81 мм) және 2017 жылдардағы (92 мм) көрсеткіштерден жоғары.
– қардағы ылғал мөлшері – 61 мм. Бұл 2018 (48 мм) және 2020 жылдардағы (39 мм) көрсеткіштерден жоғары, 2017 (80 мм) және 2019 жылдағы (69 мм) көрсеткіштерден төмен.
– жауын-шашын мөлшері – 28 мм. Бұл көрсеткіш 2017 (15 мм), 2018 (5 мм), 2019 (20 мм) және 2020 жылдарға (31 мм) қарағанда төмен.
Аршалы ауданы ТЖБ бастығының айтуынша, соңғы жылдары Жібек Жолы ауылын су басқан жоқ. Бірақ, 2017 жылы су басу қаупі болған.
Ауыл тұрғындары 2020 жылы барлық қажетті іс-шара атқарылғанын растады. Ал 2019 жылы ауылды су басты.
«Су түнде келді, бәріміз жиналып, адамдар мен қорадағы малдарды шығардық. Қой, сиыр барлығы суда қалды. ТЖМ мамандары тек адамдарды құтқарды. Малдарға обал болды», – дейді ауыл тұрғыны Дина Базарбаева.
Сондай-ақ, тұрғындар көп жылдан бері әкімдіктен өзен арнасын тазартуды сұрағандарын, алайда тазарту жұмыстары әлі жүргізілмегенін айтты.
Одан әрі баспасөз туры Аршалы кентінде жалғасты. Онда аудан әкімінің орынбасары Азамат Әміржанов су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысы туралы айтып берді.
Әкім орынбасарының айтуынша, 9 наурызда су тасқынының алдын алу іс-шаралары басталып, арнайы штаб құрылған.
«Бүгінгі таңда біздің аумақта 9 гидротехникалық нысан бар, оның 3-еуі республикалық меншікте. Біріншісі – «Безымянная» тоғаны, екіншісі – «Батпакөл» көлі және Астана су қоймасы. «Безымянная» тоғанындағы су басу қаупінің алдын алу жұмыстарын «Қазсушар» РМК-ның Ақмола филиалы атқарып жатыр. Көл бойымен су өткізетін құрылғылар мен су қоймасы бойынша жасалатын жұмыстарды «Қазсушар» өзі реттеп, бақылайды», – деді Азамат Әміржанов.
Әкім орынбасарының айтуынша, төтенше жағдайды жою үшін аудан бойынша 95 адам және су тасқынының алдын алу үшін 55 арнайы техника жұмылдырылады.
Өңір әкімдіктері 345,8 тонна жанар-жағар май, 10,4 мың тонна инертті материал, 86,7 мың құм толтырылған қап дайындады.
Өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шараларға инертті материалдарды, құм толтырылған қаптарды дайындау және жанар-жағар май сатып алу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда облыстың елді мекендерінен барлығы 358,34 мың м3 қар шығарылды.
Бұдан әрі Түрген ауылына барып, тұрғындармен әңгімелестік.
«Соңғы 15-20 жылда су басу қаупі жиі болды. Су бақшадан бастап, қорамыз бен моншамызға дейін кіріп кетеді. Яғни, су деңгейі көтерілгенде бізде «паника» басталады», – дейді ауыл тұрғыны Татьяна Лепчанская.
Оның айтуынша, ауланың айналасына судан қорғайтын бөгеттер орнатқаннан кейін су басудан келетін шығын азайған.
Айта кету керек, Ақмола облысының 125 елді мекенін су басуы мүмкін болған. Кейін атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 22 елді мекенде қауіп сейілді, 72 елді мекенде су басу қаупі барынша төмендетілді. Ал 31 елді мекенді әлі де су басуы мүмкін.
Төтенше жағдайды еңсеруге облыста 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген (Шұғыл шығындарға арналған қор, төтенше қор, төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға арналған бағдарлама).
Сымбат Төлегенова, jana-kezen.kz