Басты

Қазақстанда А-5 санаты бойынша инвесторларға виза берудің шарттары өзгерді

Қазақстанда А-5 санаты бойынша инвесторларға виза берудің шарттары өзгерді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz  ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетіне сілтеме жасап.

«Инвестиция комитеті инвесторлық виза алуға өтініш беру мерзімін elicense.kz портал арқылы электрондық түрде құжаттарды алған күннен бастап 5 жұмыс күніне дейін қысқартты. Бұл ретте өтініш берушілер үшін «Азаматтарға арналған үкімет« мемлекеттік корпорациясы арқылы құжаттарды қағаз түрінде беру мүмкіндігі сақталған. Оны қарау мерзімі 11 жұмыс күнге дейін. Бұдан басқа, енді инвесторлық визаны алуға өтінішті жеке тұлға да бере алады», делінген хабарламада.

Инвесторлық визалар Қазақстан аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне беріледі. Бұл санаттағы виза бойынша елде болу мерзімінде шектеу жоқ. Іскерлік визаның иесі Қазақстанда әрбір кіру кезінде 60 тәуліктен артық болмауы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, А-5 санатындағы инвесторлық визаны алу рәсімі 3 мемлекеттік қызметті қамтиды: ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің инвесторлық визаны алуға қолдаухаты, ҚР Ішкі істер министрлігінде шақыруды ресімдеу және Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде инвесторлық визаны ұсыну.

«Коронавирус инфекциясының таралуы кезінде, біз жаһандық экономика мен жалпы бизнеске кері әсерін көріп, іскерлік белсенділіктің төмендеуін байқап отырмыз. Біз үшін бұл үй жұмысын жасау және процестерді оңтайландыру уақыты. Жақында инвестициялық келісімшартты жасасу мемлекеттік қызметі онлайн форматына ауыстырылды, визалық-көші-қон қызметтерін жеңілдетіп, автоматтандырдық», – деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Карантин шектеуі кезінде 11 мамырдан бастап ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қабылданған ҚР Мемлекеттік шекарасынан өту тәртібі қолданылады. Оған сәйкес әрбір жеке жағдай үшін Қазақстанға келуіне ведомствоаралық комиссияның шешімімен рұқсат етіледі. Шетелдіктер Қазақстан аумағына карантин талаптарын сақтай отырып кіре алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button