Велосипедпен әлемді шарлаған израильдік саяхатшы Рой Садан үйінің қасында жол апаты салдарынан қайтыс болды, – деп хабарлайды 7 Kanal баспасы.
7 Kanal мәліметінше, апат Рош-ха-Никра коммунасына кіре берісте, Саданның үйіне жақын жерде болған. 39 жастағы саяхатшы велосипедпен келе жатқанда автобус қағып кеткен. Екі күннен кейін Нагариядағы Галилея медицина орталығының дәрігерлері оның қайтыс болғанын айтты.
Рой Садан 2007-2011 жылдары 66 мың шақырым жүріп өтіп, 42 елге саяхат жасаған. 2015 жылы саяхатшы Үндістандағы тасқын салдарынан қатты жарақат алған. Сол кезде ол комада бір ай жатқан, бірақ аман қалған.