Шардарада табиғатты қорғау полициясының инспекторы, полиция майоры Бекмұхамбет Тенгебаев және полиция аға лейтенанты Құрманғазы Әбдіқалықов Шардара су қоймасынан браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобының қызметкерлері 2 браконьердің су қоймасына балық аулайтын ау торымен заңсыз балық аулап жатқанын анықтады.
Айғақты заттар тәркіленіп алынды. Күдікті азаматтар Шардара қаласының тұрғындары болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Браконьерлерден 120 келіге жуық балық пен балық аулау құралдары тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2 күдікті азамат қолхатпен босатылған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.