EcoБасты

«Арселор Миттал Теміртау» ауаны ластап жатыр

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сейсенбі күні «АрселорМиттал» компаниясының вице-президенті Вижай Гоял мырзамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар компания өткізетін табиғатты қорғау іс-шараларын, сондай-ақ эмиссиялардың асып кетуі бойынша жақында орын алған оқиғаны талқылады.

Әңгіме барысында министр Теміртау атмосферасының ластану деңгейі бүгінгі таңда елдің басты экологиялық проблемаларының бірі болып табылатынын атап өтті.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, жыл сайын «Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургиялық кешенінен атмосфералық ауаға 230 мың тоннадан астам ластаушы заттар шығарылады, бұл қаланың әрбір тұрғынына (балалар мен әйелдерді қоса алғанда) шамамен 11 тонна ластаушы заттардан келеді.

Экология министрлігінің басшысы компания жүзеге асырып жатқан табиғатты қорғау іс-шараларын тиімсіз деп атады.

«Кәсіпорында тек қағаз жүзінде және «көз бояушылық» үшін жұмыс істейтін тиімділігі аз табиғат қорғау шаралары енгізілді», – деп атап өтті министр.

Соңғы 5 жылда кәсіпорын табиғатты қорғау іс-шараларына 28 млрд.теңге (67 млн. доллар) жұмсады, ал экологиялық тиімділік шығарындылардың 190 тонна немесе «Арселор Миттал Теміртау» нақты шығарындыларының 0,08% – на төмендеуін ғана құрады.

2019 жылы компания 2019-2024 жылдар ішінде шығарындылар көлемін 60 мың тоннаға азайту міндетін өзіне алды.

«Алайда, кәсіпорын әлі күнге дейін өзіне алған міндеттемелерді орындау бойынша шаралар қабылдамады», – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Теміртаудың экологиялық ахуалын ескере отырып, Экология министрлігінің басшысы компания басшылығының алдына ең озық қолжетімді технологияларға көше отырып, шығарындылар көлемін таяудағы 4 жылда кемінде 30%-ға төмендете отырып, өндірісті толық реконструкциялау және жаңғырту туралы мәселе қойды.

Сондай-ақ, министр нақты уақыт режимінде деректерді бере отырып, эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

Қала экологиясының жай-күйін жақсарту шараларының қатарында М.Мырзағалиев компанияның Теміртау мен оған іргелес аумақта (500 мың ағаш отырғызу) «жасыл белдеу» құру жөніндегі міндеттемесін еске салды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button