SocialБасты

ДСМ: Қазақстанда COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарған, аурушаңдық 6,5%-ға төмендеп, жалпы өлім-жітім 5,4%-ға түсіп, соның ішінде қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 7%-ға, тыныс алу ағзалары ауруларынан болатын өлім-жітім 4,5%-ға, обыр ауруларынан болатын өлім-жітім 3%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 22%-ға, ал жалпы инфекциялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері 10%-ға төмендеді.

«2023 жылдың қорытындысына сай, инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды. Халық арасында жүргізілетін профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде 20 инфекциялық ауру, оның ішінде оба, тырысқақ, полиомиелит тіркелген жоқ», — деді Ажар Ғиният.

39 инфекция, оның ішінде коронавирус инфекциясы, ротавирустық инфекция, жіті ішек инфекциясы және басқа да аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды. 8 инфекциялық ауру, оның ішінде қызылша, көкжөтел, сібір жарасы бойынша өсім тіркелді.

Қазіргі уақытта жіті респираторлық инфекциялармен сырқаттанудың кезекті эпидемиялық маусымы жалғасуда, ол жыл сайын қазан айынан басталып, мамыр айына дейін созылады. Эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ және тұмау ауруларының екі толқыны тіркеледі: аурудың бірінші көтерілуі – қазан-қараша айларында, екіншісі – ақпан-наурыз айларында.

2023 жылы халықтың сырқаттанушылығын алдын алу мақсатында әлсіз топтағы 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алды, бұл ел халқының 12%-ын құрайды, ДДСҰ ұсынымы бойынша көрсеткіш кемінде 10% болу керек.

Денсаулық сақтау минситрі Ажар Ғинияттың сөзінше, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда 2,4 млн ЖРВИ жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық өткен эпидемиологиялық маусым деңгейінде тұр. Қараша айынан бастап тұмау вирусының айналымы анықталды, эпидемиялық маусым басталғаннан бері зертханалық расталған тұмаудың 935 жағдайы тіркелді, оның 85%-ы – А тұмауы және 15%-ы – В тұмауы. Бұрынғыдай басқа да вирустардың айналымы анықталды, олардың 41%-ы риновирусқа, 21%-ы РС вирусына және 14%-ы аденовирусқа тиесілі.

Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері стационарларда 31 мыңнан астам пациент емделді, 2 млн-нан астам пациент амбулаториялық ем алды. Еліміз бойынша барлығы 10 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын, олардың ішінде балаларға арналған 3 мыңға жуық орын ұйымдастырылды. COVID-19 пандемиясының аяқталуына қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі елдегі және әлемдегі КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Осылайша, өткен айда әлемнің 43 елінде сырқаттанушылық өсті, 36 елде сырқаттанушылық төмендеген.

«Республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы 6 ай ішінде республикада ай сайын 100-ден 400-ге дейін жағдай тіркелді, бұл коронавирустың жыл бойы таралып отыратынын растайды. Өткен жылы республикада 12 121 COVID-19 жағдайы тіркелді. 2023 жылды алдыңғы жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 35 есе төмендеді», — деді Ажар Ғиният.

2023 жылы халықтың осал топтарын COVID-19-ға қарсы ревакцинациялау жалғасты, 350 мыңнан астам адам қайта вакциналанды. 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстанда тек Омикрон штамының айналымы расталды, оның ішінде Омикрон (Арктур) нұсқасына 52%, Эриске 2%, Омикронның басқа нұсқаларына 46% тиесілі. Стационарларда өткен жылы COVID жұқтырған 4 мыңға жуық пациент емделді. Бүгінгі таңда 2 адам стационарлық ем алып жатыр.

Ажар Ғинияттың мәліметінше, соңғы 15 жылдың ішінде республикада 3 рет қызылша ауруының өсуі тіркелді, бұл – 2005, 2015, 2019 жылдары. Аурудың кезекті өсуі 2023 жылы басталды. 2023 жылдың соңында елде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелді, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Сырқаттанушылықтың 89%-ы вакцина алмаған балалардың есебінен болды.

Былтырғы желтоқсан айында 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда 11 өңірде сырқаттанушылық өсті. Тұрақтандыру үрдісі 6 өңірде – Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Түркістан облыстарында байқалды. Төмендеу үрдісі 3 өңірде – Шымкент қаласында, Жамбыл және Ұлытау облыстарында байқалды. Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында келесі шаралар қабылдануда:

  1. Өткен жылы осы ауруға қарсы жоспарлы вакциналау жүргізілді, бір жастағы және алты жастағы 700 мыңға жуық бала егілді.
  2. Вакцина алмаған балалардың арасында қызылшамен сырқаттанушылықты ескере отырып, былтыр қыркүйекте Үкіметтің резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 1,5 млн дозасы сатып алынды. Қараша айынан бастап аталған инфекцияларға қарсы қосымша вакциналау жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам егілді, барлық жоспардың 62%-ы қамтылды, күн сайын 20 мыңнан астам адам екпе алып жатыр, егу жұмыстары қаңтардың аяғына дейін жүргізілетін болады.

«Қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мысалы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тиісті контингенттің 70%-дан астамы қосымша вакцаналанған», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар 7 өңірде – Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында екпемен қамту деңгейі әлі де төмен, бұл өңірлерде қамту 55%-дан төмен болды.

«Вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуі ата-аналарға балаларға екпе салдыртудан бас тартуға мүмкіндік беретін 2015 жылы енгізілген заң нормаларымен тікелей байланысты. Осыған байланысты 5-7 жылда халықтың арасында иммунитеті жоқ адамдардың қатары өсіп отыр», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Мәліметтер бойынша бүгінде 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала дифретия, полиомиелит, туберкулез және басқа да қауіпті инфекцияларға қарсы екпе алмаған және қорғалмаған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биылғы балаларды ұлттық вакциналау күнтізбесі аясында жоспарлы екпелерді өткізіп алған балаларды қосымша вакциналау бойынша кешінді жұмыстарды жүргізетін болады.

Елдегі тұрақты эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында биыл төмендегі іс-шараларды жүргізу қажет:

  1. Вакциналау – инфекциялық аурулардың алдын алуға және жоюға бағытталған мемлекеттік саясат. Сондықтан жоспарлы профилактикалық егулермен қамту 95%-дан кем болмауы керек.
  2. Ұлттық профилактикалық вакциналау күнтізбесі аясында бұрын екпелерді өткізіп алған 15 жасқа дейінгі балаларды вакциналау.
  3. Барлық өңірде, әсіресе Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы қосымша вакциналауды уақытылы іске асыру.
  4. Вакциналаудың маңызы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
  5. Инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағында орналасқан елді мекендерде эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды уақытында ұйымдастыру және жүргізу.

«Қорытындылай келе, халыққа кеңес бергім келеді. Профилактикалық вакциналауды жүргізу үшін салмақты және ақылға қонымды шешімдер қабылдауларыңызды сұраймын. Әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық екпелерді уақытылы алып отыруға шақырамын», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Басқа жаңалықтар

Back to top button