EcoБасты

Көлік түтінімен күрес күшейеді

Алматы қаласының ауасын ластайтын негізгі екі фактордың бірі – автокөліктерден шығатын түтін. Көліктен бөлінетін көк түтінмен күрес талайдан қолға алынғанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Осыны ескерген шаһар билігі қаланы сыртпен байланыстыратын барлық жолдың кіреберіс тұстарына алдағы көктемнен бастап экобекеттер қоймақ. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.

Алматы қаласының ауа кеңістігін қалыпты ұстау – бұқараны көптен алаң­да­тып келе жатқан мәселе. Табиғат жанашырлары бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін тым құрығанда айына бір рет қалада автокөліксіз жүру акциясын өткізуді алға тартқан еді. Бұған қатаң карантин шаралары кезіндегі ауа тазаруы себеп болған. Әзірге бұл ұсыныс қолдау таба қойған жоқ. Экология мәселесін экономиканы есеңгіретпей еңсеруді қалайтын жауаптылар ескі көліктермен күресті кешенді түрде қолға алмақ.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қала мен облыс аумағын түйістіретін тұстарда тағы 19 экобекет пайда болатынын айтты. «Темір тұлпар» иелерінің тас жолдағы тәртібін қадағалаумен қатар, қалаға енген әрбір көліктен шығатын түтін құрамын мамандар мұқият тексеруге тиіс. 2020 жылы қалада қоршаған ортаға қауіпті деп танылған шығарындылардың көлемі 140 мың тоннаны құраған. Мұның ауқымды бөлігі автокөліктерден келетін зиянды қалдықтарға тиесілі. 550 мың көлік ресми түрде тіркелген шаһарға тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер санының өзі 250 мыңнан асып жығылады.

Шаһарда соңғы жылдары қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық зиянсыз түрлеріне көшіру қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Осыған тоқталған ол 2020 жылы Алматы әкімінің қаулысымен дизельді отынмен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынғанын атап өтті.

«Бүгінде қалада электрмен жүретін 17 жаңа автобус бар. Биыл осындай тағы 39 автобус сатып алу жоспарда бар.  Көктем ай­ларында экобекеттердің санын ұл­ғай­ту­ды көздеп отырмыз», дейді Ерлан Қожағапанов.

Өткен жылы Алматыға жұмыс сапары барысында қала активімен кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейін кернеген экология мәсе­ле­сі­не ерекше тоқталып, экология проблемасын шешу аймақ басшыларының жұмыс көр­сеткішін көрсететін негізгі тетіктің бірі еке­нін айтқан болатын.

Бірер ай бұрын нақ осы Алматы қаласының экологиясына қатысты көптен күткен шешім қабылданды. Қаладағы жұ­мыс істеп тұрған қазандық агрегаттарын жаңғырта отырып, жылу-электр орталығын көмірден газға ауыстыру жобасы мақұлданды. Жаңғырту жұмыстары қоршаған ортаны күкірт оксидімен және күлмен ластамауға мүмкіндік бере отырып, ауаға тарайтын қалдықтардың кө­ле­мін ең төменгі деңгейге дейін азайтатыны айтылды. Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Осындай жобалар жүйелі жүзеге асар болса, Алматы қаласының аспанын торлаған түтін тұманынан арылатын күн алыс емес сияқ­ты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button