SocialБасты

Шымкент-Ташкент жолындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Жергілікті тұрғындар үшін жолдың қазақстандық учаскесін пайдалану құны жылына 1 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

Түркістан облысының Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында Шымкент-Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолындағы инфрақұрылымды одан әрі дамыту бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жақында осы жоғары жылдамдыққа арналған автожолдың қазақстандық учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Төрт жолақты күре жолға бетон төселіп, І «Б»санатына жатқызылды. Сипаттамалары бойынша Нұр-сұлтан-Теміртау жолына ұқсас. Айта кетерлігі, Шымкент-Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолын коммерциялық жүк көліктері үшін де, жеке жеңіл көліктер үшін де ақылы ету жоспарлануда.

Дәл осы мәселе өңірде өткен қоғамдық тыңдауларда жан-жақты талқыланды. Қатысушыларға толық түсіндірілді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК өкілдері жолдың осы учаскесінде тестілік режимде 3 бейнебақылау аркасы, сондай-ақ клиенттермен жұмыс істеу орталығы іске қосылғанын айтты. Мұнда алдын ала төлем бойынша немесе шлагбаумдарсыз төлеу әдісімен ақы алудың ашық жүйесі болмақ. Бұл жолда кезектер мен кептелістер болмауы үшін өте тиімді қадам.

Шымкент-Ташкент (Өзбекстан шекарасы) жолында ақылы жүйені енгізу қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін қолға алынуда.

Қазақстандағы алғашқы ақылы автожол 2013 жылы іске қосылды. 7 жыл ішінде Нұр-сұлтан-Щучинск автобаны ақылы жолдың барлық артықшылықтарын дәлелдеді. Жол жүру ақысы жол жабыны мен инфрақұрылымның сапасын тұрақты бақылауға, жол бойындағы сервистік қызметті жақсартуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа технологияларын енгізуге және жүргізушілерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы жылдары жол бойында тегін жылы дәретханалардың қойылуы халықтың тарапынан оң бағалануда.

Жайлылық пен қауіпсіздік кепілдігі кәдімгі күре жолды танымал көлік артериясына айналдырады, ал қозғалыс қарқындылығының өсуі жолға қызмет көрсетуге арналған алымдар мен салымдарды ұлғайтады. Жергілікті кәсіпкерлік үшін оңтайлы мүмкіндіктер туады, жолға қызмет көрсетумен, жол бойындағы қызмет пен саудамен байланысты салаларда жаңа жұмыс орындары құрылады.

Қазір елімізде 4 ақылы жол жұмыс істейді, алдағы 4 жылда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес тағы 11 мың шақырым ақылы республикалық автожолды салу және іске қосу жоспарлануда.

Шымкент-Ташкент (Өзбекстан шекарасы) халықаралық маңызы бар жолға ақы төлеуді енгізу жоспарлары жергілікті халықтың қызығушылығымен қатар, алаңдаушылығын тудырды. Жол бойындағы Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының тұрғындарының басым бөлігі төлем төлеу бойынша бірнеше сұрақтар қойды. Жолдағы жайлылық пен қауіпсіздік баға жетпес артықшылық болып табылады, алайда, жергілікті тұрғындар бұл жолды анда-санда емес,  күнделікті пайдаланатындарын айтып, шығындарды сөз етті.

Халықтың алаңдаушылығын тудырған сауалдарды тыңдаған компания өкілдері  осы жерде үлкен жеңілдіктің бар екенін түсіндірді.  «ҚазАвтоЖол» ақылы жолдарға іргелес аудандарда тіркелген автокөлік жүргізушілеріне құны бір мың теңге болатын жылдық абонементтер ұсынады.

Төлем алу пункттерінде «жол жүру билетін» ресімдеуге болады. Ол үшін операторларға жеке куәлікті ұсыну және өтініш жазу қажет.

Сонымен қатар, жүргізушілер мен көліктердің белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер қолданылады. «ҚазАвтоЖол» алдағы олардың тізімін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазір ұлттық компания заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде.

Аталған жаңалықтарды Түркістан облысының тұрғындары түсіністікпен қабылдап, қауіпсіздік пен жайлылық үшін мақұлдайтындарын білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button