Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап Jana-kezen.kz.
Павлодар қаласының тұрғындары өңір басшысына тұрғын үйдің қаптамасын қалпына келтіру және атмосфералық ауаны бақылауға арналған шағын станция орнатуға рұқсат беру туралы өтініштерін жеткізді.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бейнеконференция байланысы режимінде өткен Павлодар облысы әкімімің жеке қабылдауына Майра көшесіндегі №1 үйдің тұрғындары жазылды.
Олар көп қабатты тұрғын үйдің қаптамасына қатысты мәселені көтерді – қаптау материалы ғимараттың қабырғасынан кесек-кесек болып түсіп жатыр. Павлодарлықтардың айтуынша, бұл үйдің сыртқы түрін бұзып қана қоймай, қыста пәтерлердегі температуралық режимге де кері әсер етеді. Әбілқайыр Сқақов қалалық әкімдік өкілдеріне мәселені шешуді тапсырды.
Павлодар қаласының әкімі Ержан Имансләм атап өткендей, тұрғын үйдің қасбетін күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұрынғы қаптау материалы – алюкобонд металл қаптамаға ауыстырылады деп жоспарланып отыр. Алайда өңір басшысы жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін алдымен материалдың сапасын тексеріп алуды тапсырды.
Павлодар облысының Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, «Торайғыров университеті» КЕАҚ профессоры Ирина Чидунчи де облыс әкімімен онлайн режимде әңгімелесті. Ол өңірдегі ауа сапасын бақылаудың тың әдісін ұсынды. Ол үшін Ирина Чидунчи мамандар атмосфералық ауа сапасын бақылайтын шағын станциялар ойлап тапқанын айтып, енді бұл құрылғыларды қаланың бірнеше жеріне орнатуды сұрады. Экологтың айтуынша, бұл жүйе аймақ ауасының қаншалықты ластанғанын анықтайды, әрі осы ақпарат болашақта қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын лайықты жоспарлауға септігін тигізеді. Аталған жоба тәуелсіз экологтардың оң бағасын алды. Оған қоса қаржыландыру мәселесі де ішінара шешіліп қойды. Әбілқайыр Сқақов экологқа пайдалы бастамасы үшін алғыс айтып, жобаны 2021 жылға арналған жоспарға енгізуді тапсырды.