Басты

Дизайнер жастармен этникалық стильде киім үлгісін жасау құпияларымен бөлісті

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жаңа жобасы аясында «Hadiyah Collectıon» брендінің негізін қалаушы Қарлығаш Қуанышқызымен онлайн сұхбат өткізді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz  елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дизайнердің шеберхасынан тікелей көрсетілген онлайн сұхбат барысында «Hadiyah Collectıon» брендінің этникалық стильде жасалған киімдері мен аксесуарлары көрсетілді.

Сонымен қатар дизайнер  сұхбат барысында жас сәнгерлерге өз ақыл-кеңесін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды ұмытпау қажетін айтты.

«Менің басты мақсатым – қазақ сән өнерін әлемге таныту. Дәстүрмен біте қайнасқан қазақы киімдерді күнделікті, ыңғайлы киімге айналдыру. Өз ісін жаңа бастап жатқан жастарға айтарым, ешнәрседен қорықпау қажет. Адамға ең керегі – ниет. Қаржының тапшылығы да, шын талантты тоқтата алмайды», – дейді Қарлығаш Қуанышқызы.

Сонымен қатар сәнгер аталмыш жобаның артықшылығын да атап өтті.

«Мұндай жобалар арқылы біздің кәсібімізді, істеп жатқан игі жұмыстарды көпшілік білетін болады. Жастардың қызығушылығын оятып, жаңа дүниелер жасауға ықпал етеді», – дейді дизайнер.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жаңа жобасын бастады. Жобаның басты мақсаты: қажырлы еңбектің арқасында табысқа жеткен адамдардың тәжірибесін, еңбекқорлық құндылықтарды, ұдайы өзін-өзі жетілдіру идеясы арқылы еңбекке сүйіспеншілікті насихаттау.

Жоба шеңберінде өткізілетін интернеттегі кездесулер, семинарлар және басқа шаралар еңбексүйгіштікке баулуды мақсат етеді.

2017 жылы 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жағыру» мақаласы жарық көрді. Бүгінде жобалық кеңсе бағдарламалық мақаланың алты негізгі бағыты бойынша 13 арнайы жобаны жүзеге асыруда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button