Тарихта алғаш рет: Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өтеді
Қазақстан тағы да әлемдік доданы қабылдауға тас-түйін дайын. 8 наурыз күні Алматыдағы «Шымбұлақ» бөктерінде фристайлдан әлем чемпионаты басталады. Біздің команда үшін бұл 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада қарсаңында рейтингілік ұпай жинау үшін берілген үлкен мүмкіндік. Olympic.kz турнир туралы толық ақпаратты назарларыңызға ұсынады.
Алматы фристайл-могул мен фристайл-акробатикадан әлемдік деңгейдегі жарыстарды алғаш рет қабылдап отырған жоқ. Бұған дейін Алатау баурайында әлем кубогі кезеңі өткен болатын. 2019 жылы біздің елімізде могулдан алғаш рет әлем кубогі өтіп, турнир барысында кубоктік кезеңнің жалпы есептегі жеңімпаздары анықталды. Сол кезде әлемдік үздік могулшылары «Шымбұлақта» бас қосқанын жарыса жазған едік.
2020 жылы Алматыда фристайл-акробатикадан әлем кубогі кезеңі ұйымдастырылды. Турнир Oi-Qaragai Lesnaya Skazka курортында өтіп, спортшылар медаль мен рейтингілік ұпай үшін жанын салды. Аталған бәсекеде могулдан Юлия Галышева топ жарса, акробатикадан Жанбота Алдабергенова үздіктер қатарына енді.
Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясы Қазақстанның әлемдік бәсекені жоғары деңгейде өткізгеніне ерекше көңіл бөлді.
«Қазақстанға қайта оралғанымызға қуаныштымын. «Шымбұлақтың» әдемі кейпі мен бөктеріне қарап, көз тоймайды. Жарысқа дайындық жоғары деңгейде, өткен маусыммен салыстырғанда алғабасушылық бар екені байқалады. Біздің бірқатар ұсыныстарымыз да қабылданыпты. Барлығы FIS талаптарына сай келеді», – деген болатын 2020 жылғы турнирге келген FIS рейс-директоры Конрад Ротермунд.
FIS әлем чемпионатын Алматыда өткізу туралы шешімді қаңтардың соңында қабылдады. Канаданың Калгари қаласы биылғы маусымда біріншілікті өткізе алмайтынын айтып, бас тартқан.
«2011 жылы берген сұхбатымда мен Алматыда міндетті түрде әлем чемпионаты өтетінін айтқан болатынмын. Көріп тұрсыздар, айтқаным келді. Әлемдік доданың «Шымбұлақта» ұйымдастырылатыны тіпті, керемет. Мұнда Азиада, Универсиада, әлем кубогі кезеңдері секілді бірқатар жарыстар өткізілді. Біздің алдымыздағы басты мақсат – спорттық мерекені өз деңгейінде атқарып, жанкүйерлерді қуанту», – дейді фристайл-могулдан команда бас бапкері Елена Круглыхина.
Алматыға әлемнің ең үздік спортшылары тегіс жиналады. Олар жүлдеден бөлек, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына таратылатын рейтингілік ұпайларға да таласады.
Чемпионатқа қатысатын спортшылар арасында фристайл-акробатикадан биылғы маусымның сөзсіз үздігі, әлем чемпионы әрі әлем кубогінің бес кезеңінде топ жарған ресейлік Максим Буров бар. Әйелдер арасында австралиялық Лора Пил топ бастап келеді. Могулдан әйелдер арасындағы сында Олимпиада чемпионы, франциялық Перрин Лаффонның қарқыны жоғары. Ерлер арасында австралиялық Мэтт Грэм көш басында келеді.
Ал Қазақстан командасы 2019 жылы АҚШ-та әлем чемпионы атанған Юлия Галышеваның жолына үмітпен қарайтыны сөзсіз.
Осы орайда, «Шымбұлақ» бөктерінде жүлдеге таласатын 2019 жылғы әлем үздіктерінің тізімін назарларыңызға ұсынамыз.
Фристайл-могул
Ерлер:
1. Микаэль Кингсберри (Канада);
2. Мэтт Грэм (Австралия); 3. Даичи Хара (Жапония).
Әйелдер:
1. Юлия Галышева (Қазақстан);
2. Джакара Энтони (Австралия);
3. Перри Лаффон (Франция). Фристайл-акробатика
Ерлер:
1. Максим Буров (Россия);
2. Александр Абраменко (Украина);
3. Ноа Рот (Швейцария).
Әйелдер: 1. Александра Романовская (Беларусь);
2. Любовь Никитина (Ресей);
3. Сюй Ментао (Қытай).
Ал команда бас бапкері Елена Круглыхина өз жеріміздегі әлемдік сында кімдердің бақ сынайтынын айтты. «Әлем біріншілігіне қатысатын құрамды жасақтадық. Әйелдер арасында Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Олеся Граур, Анастасия Городко сынға түседі. Ал ерлер додасында Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Антон Бондарев, Сергей Романов өнер көрсетеді», – дейді ба бапкер.
Фристайл-акробатикадан Қазақстан командасының құрамы төмендегідей:
– Шерзод Хаширбаев;
– Роман Иванов;
– Ильдар Батрудинов;
– Жанбота Алдабергенова;
– Ақмаржан Қалмұрзаева;
– Аяна Жолдас.
«Әлем біріншілігі өз жерімізде өтетіндіктен, қобалжу бар. Бірақ біз жақсы дайындалдық, АҚШ-тағы Парк-Ситиде жаттығу өткіздік. Жаңа секіру элементтерін меңгердік. Енді жанкүйерлер үмітін ақтағымыз келеді. Расында, біз мұндай ірі жарыстар Қазақстанда өтеді деп ойламайтынбыз. Бұл тарихи әлем чемпионаты екені сөзсіз. Биыл жарыс «Шымбұлақта», биік тау деңгейінде өтеді. Сондықтан, спортшыларға оңай болмайтыны анық», – дейді Жанбота Алдабергенова. Алматыдағы сында әлемнің 19 мемлекетінен келген спортшылар жарыс жолына шығады.
Фристайл-могулдан бәсеке 8-9 наурызда, фристайл-акробатика додасы 10-11 наурызда өтеді.