Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының штаттық құрамы осы уақытқа дейін 25 пайызға қысқарған. Соның арқасында еңбекақы төлеу шығындары 2016 жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қазір қордың қаржылық есептілігін тәуелсіз аудиторлық компания тарапынан растау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«2019 жылы қызметкерлер саны 1981 адамнан 1740 адамға (12,2 пайызға) дейін қысқартылды. Ал үш жыл ішінде, яғни 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта 25 пайызға немесе 567 адамға азайтылды. Соның нәтижесінде еңбекақы төлеу шығындары 2016 жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға төмендеді», – деді баспасөз қызметінен.
Айта кетелік, БЖЗҚ штаттық құрам мен еңбекақы төлеу қорын елеулі түрде қысқартуға бизнес-үдерістерді оңтайландыру, автоматтандыру және электрондық қызметтерге өту (қызметтердің 80 пайыздан астамы электрондық үлгіде көрсетіледі), операциялық бөлімшелерді қысқарту және қызметкерлердің тиімділігін арттыру арқасында қол жеткізді. Бұл үрдіс цифрлық қызметтердің одан әрі дамуын ескере отырып, әрі қарай жалғасатын болады.