TechБасты

Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері жинақталған үш тілдегі электронды платформа іске қосылады

Ойшылдың еңбектері жинақталған электронды платформа ақпанда іске қосылады.

Фарабитануға жаңа серпін берген орталықта биыл бірнеше халықаралық жобалар өткізу жоспарланған. Соның ішінде ойшылдың еңбектері жинақталған электронды платформа ақпанда іске қосылады. Ол үш тілде «онлайн колледж» қағидасы бойынша жұмыс істейді, – дейді zakon.kz «Хабар-24» телеарнасына сілтеме жасап.

Биыл әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24» Шығыстың ғұлама ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілмек. Бұл – ғылымның бірнеше саласы бойынша сүбелі еңбектер жазып қалдырған ғалымның мұрасын зерттеп, зерделеуге мүмкіндік береді. Отырарда туып, Бағдатта білім алып, Шам қаласында сүбелі еңбектерін жазған Әл-Фараби ғылымның көп саласында жаңалық ашты.

Ғалымның «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыка туралы үлкен кітап», «Кемеңгерлік меруерті», «Азаматтық саясат» атты еңбектері бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Бізге 100-ден аса еңбегі жеткен. Олар иврит, латын, араб тілдерінде сақталған.

Ғалия Құрманғалиева, философия ғылымдарының докторы:

– Ол саяси, философиялық ғылымдарды, соның ішінде дін ғылымын зерттеді. Оның Әл-Фараби атануының сыры да осында. Оның еңбектері ілімінің кеңдігін аңғартады. Көпшілігі энциклопедиялық бағытта жазылған. Адамның әлемге, қоғамға, өзін-өзі дамытуға деген негізгі көзқарасын көрсетеді.

Әл-Фараби көне грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме жазып, оны қазіргі оқырманмен қауыштырды. «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған ойшылдың тұщымды тұжырымдары қанатты сөзге айналған. Мәселен, «Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамны ғылымға қолы жетпейді» деген ескертуінде терең ой жатыр дейді зерттеушілер.Ғалия Құрманғалиева, философия ғылымдарының докторы:

– Аристотельден кейінгі ойшылдың философия саласында ғана емес, сонымен бірге математика, музыка, медицина және тағы басқа көптеген салаларда іргелі білімі болған. Әл-Фараби мұрасын зерттеу елімізде жылдан жылға жалғасуда.

Қазақ Ұлттық университетінде Фараби орталығы 1993 жылы ашылған. Кейіннен Мысыр, Түркия, Үндістан сияқты әлемнің 12 елінде ойшылдың терең ілімін зерттеу орталықтары жұмысын бастады. Фарабитануға жаңа серпін берген орталықта биыл бірнеше халықаралық жобалар өткізу жоспарланған. Ойшылдың еңбектері жинақталған электронды платформа ақпанда іске қосылады.Бекжан Мейірбаев, ҚАЗҰУ Фараби орталығының директоры:

– Ол үш тілде жұмыс істейді. Фарабидің ойлары, идеялары, қазіргі біздің заманымызда да өзектілігін жоғалтпаған, өткір-өткір әлеуметтік саяси мәселелерді шешуге өзіндік серпін беріп отыр. Сондықтан бұл жерде әлеуметтік гуманитарлық жаратылыстану ғылымдарының мәселелері де қарастырылады деп ойлаймыз.

Бұл сайт «онлайн колледж» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Онда халықаралық фарабитанушылар өз жобаларын жариялап, талқылай алады. Сондай-ақ сайт арқылы ойшылдың мұралары бойынша онлайн курстардан өтуге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button