Бүгін 30-ға жуық адамнан тұратын делегация «Ұлылар мекені…» атты ғылыми-танымдық экспедицияға аттанды.
Делегация құрамында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және журналистер бар.
Ғылыми экспедиция 19-21 маусым аралығында Астана – Павлодар облысы (Баянауыл) – Абай облысы (Семей, Жидебай, Семей) – Астана бағытында рухани объектілерге баруды және ұлылар мекеніне тағзым етуді көздейді. Экспедиция бағдарламасына сәйкес, 3 күнге созылатын сапар барысында делегация мүшелері ғылыми орталықтарды, мемориалдық кешендерді, мұражайлар мен басқа да тарихи орындарды аралап, ұлт үшін туған тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізеді.
Сондай-ақ делегация жергілікті мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар және ғалымдармен жүздесіп, ғылыми-танымдық экспедиция жұмысын талқылайды.
Айта кетерлігі, «Ұлылар мекені …» ғылыми-танымдық экспедицияның түпкі мақсаты – өлкетану жұмыстарын жандандыруға атсалысу. Аталмыш шара ұлы даланың рухани қазыналарын насихаттау арқылы халықты біріктіруге септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл бағытты Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы арнайы жоспарлаған болатын.