Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар елімізде бірыңғай уақыт белдеуін енгізуді ұсынып отыр
Астанада Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жұмыс тобы осы жылдың ақпан айында қазақстандықтардың қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше рет келіп түскен өтініштеріне байланысты құрылды. Жыл бойы қазақстандық ғалымдар мен түрлі сала сарапшылары Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді.
Жұмыс тобының құрамына Ф. Г. Фесенков атындағы «Астрофизика институты», «Генетика және физиология институты», «География және су қауіпсіздігі институты», М. А. Айтхожин атындағы «Молекулалық биология және биохимия институты», «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары, сондай-ақ сарапшылар, қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC + 6 екі уақыт белдеуі қолданылады. Елдің көп бөлігі (батыс аймақтарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.
Алайда, ғалымдардың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Атап айтқанда, сарапшылар елорда уақыты бойынша тұратын облыстар мен қалалардағы уақытты бір сағатқа (UTC+5) ауыстыру нұсқасын ұсынды. Осылайша, бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай уақыт белгіленеді.
«Мен бұл мәселемен 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Ғылыми консенсусқа сәйкес, адам денсаулығы үшін күн сәулесіне, яғни табиғи уақытқа мүмкіндігінше жақын тұрақты уақыт белдеулерін қолданған дұрыс. Ғылыми-зерттеу институттары мен менің әріптестерімнің ұсынған бүкіл Қазақстан бойынша UTC+5 бірыңғай уақытына көшу бұрын ұсынылған барлық нұсқалардың ішіндегі ең оңтайлысы», – деді қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрхожаев.
Денсаулық сақтау министрлігі осындай ұстанымды ұстанады және уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкес келтіру қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етеді деп санайды.
«Қазақстан халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайды. Сарапшылар тобы, профессор-физиологтар бұл мәселені жыл бойы зерттеді. Дененің физиологиясы мен қызметі, гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан біз UTC+5 уақыт белдеуіне ауыса отырып, денеміздің биологиялық сағатына сәйкес оянып, ұйықтаймыз деген пікірді ұстанамыз», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.
«Астана» медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пікірінше, уақыттың табиғи тәртібінен озуы шаршау мен созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал етеді.
«Десинхроноз, қазір көптеген аймақтарда болып жатқан нәрсе, яғни биологиялық ритмдарға сәйкес келмеуі ұзақ мерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себебі. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың даму қаупінің факторлары. Циркадалық немесе биологиялық ритмдар біздің өміріміздің ажырамас бөлігі және бұл циркадалық стресстерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика халқының табиғи ритмдарын үндестіру қажет», – деді ол.
Сарапшылар денсаулыққа пайдадан басқа, бірыңғай уақыт белдеуін орнату еліміздің әртүрлі өңірлерінің тұрғындары арасындағы уақыт кедергілерін жоюды, көлік және басқа да коммуникациялардың жақсаруын, бизнесті жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимылына жағымды әсер ететінін атап өтті.
Жұмыс тобы халықаралық тәжірибені де зерттеді. Осылайша, әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі орнатылған. Бір уақыт белдеуінде барлығы 22 мемлекет тұрады.
Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша ғылыми дәлелдер мен қорытындыларға негізделген есеп дайындалып, бекітілді, ол тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.