SocialБасты

Түркістанда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жасақталған 50 бизнес жоба талқыланды

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында әзірленген 50 бизнес жоба таныстырылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және халық арасында кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының 6-бағыты аясында несиелендіру тәртібі бойынша жиын өтті. Жиынға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, «Ырыс» МҚҰ және «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының өкілдері және облыс кәсіпкерлері қатысты.

photo

 

Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әзірленген 50 бизнес жобаны таныстырды. Қолғап пен шұлық шығару, шеге, ұнтақ және химиялық сұйықтықтарды, құрылыс материалдарын жасау, плитка өндірісі, жиһаз, ағаш бұйымдары, жартылай дайын тағамдар шығару бойынша кәсіп иелері өз бизнестеріне қолдау көрсетуді сұрайды. Шығыны мен пайдасы зерделенген таныстырған басқарма басшысы, бұдан бөлек бірқатар потенциалды жоба пысықталып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, кездесуде кәсіп иелері кедергі келтіретін өзекті мәселелерді ортаға салып, жер және инфрақұрылым туралы сөз қозғады.

Кәсіпкерлердің жобаларымен жеке-жеке танысқан облыс әкімінің орынбасары қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

photo

 

«Іс бастаймын десеңіздер, ешқандай қарсылық білдірмейміз. Керісінше, істеймін деген азаматқа қолдау көрсетеміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасына халықты тарту керек. Мүмкіншілік көп. Мемлекет ұсынған қолдауды тиімді пайдаланып, жұмыс істеу керек. Тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, басқа да кәсіпке бейімделген жөн. Көтерген мәселелеріңізді заң аясында қарап, оңтайлы шешуге күш саламыз. Бірлесіп жұмыс атқарайық», – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын соңында кезекті отырыс уақыты белгіленіп, көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін саралау келісілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға таныстырылған 50 бизнес жобаны қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button