Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа қанша мектеп салынады?
Оқу-ағарту министрлігі жемқорлардан тәркіленген қаражатқа биыл салынатын мектептердің тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжатта 62 жобаның тізімі берілген. Өңірлер бөлінісінде Астана қаласы мен Алматы облысында осы қаражат есебінен салынатын немесе кеңейтілетін мектептердің саны өзгелерден бірнеше есе басым. Нақтырақ айтсақ, әрқайсысында 10 мектептің жобасы жоспарланған. Одан кейінгі орында 9 жобамен Түркістан облысы тұр.
Осылайша биыл жемқорлардан түскен қаражат есебінен 96 млрд 495 млн теңгенің 62 жобасы іске асырылмақ. Оның ішінде ескірген мектептің орнына жаңа мектеп салу, жаңадан мектеп салу және орын тапшылығы бар білім мекемесіне қосымша ғимарат салу жобалары бар.
Мектептер тізімін және әрқайсысына қанша қаражат бөлу жоспарланғанын мына сілтемеден көруге болады.
Еске салсақ, Президенттің 2022 жылғы халыққа Жолдауында жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалу керектігі айтылған болатын.