Доха қаласында өтіп жатқан үшінші Қатар экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бин Хамад Әл Тәни кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайылов Қатар Әміріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, дүниежүзі қоғамдастығының назарын аударған футболдан Әлем чемпионатының сәтті өтуімен құттықтады.
Премьер-Министр Қатар Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Мұның дәлелі өзара сауда мен инвестициялар саласындағы жоғары көрсеткіштер болып табылады. Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында ғана екіжақты тауар айналымының көлемі 17,7 есе өссе, 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикаға құйылған Қатар инвестицияларының көлемі 3 есе артқан.
«Бұл ретте біз өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту бойынша бұдан да жоғары әлеуеттің барын көріп отырмыз. Осыған байланысты Қатарға 60 тауар позициясы бойынша қазақстандық өнімнің экспортын шамамен $243 млн-ға ұлғайтуды ұсындық. Сонымен қатар біз инвестициялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», — деді Әлихан Смайылов.
Осы тұрғыда Үкімет басшысы Qatar Investment Authority мен «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорлары арасындағы ынтымақтастықтың және Бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жоспарларының маңыздылығын атап өтті.
Өз тарапынан шейх Тәмим бин Хамад Әл Тәни басым бағыттардың барлығы бойынша екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.