Елбасы академиясы негізіндегі «Birge oqý» жобасының ұжымы мұғалімдер мен педагогикалық университтердің студенттеріне тегін онлайн курс ұйымдастырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Төрт күндік курс «Әріптестеріңіздің арасында цифрлы ментор болып, өз біліміңізбен бөлісіңіз!» ұранымен 2020 жылдың 29 шілдесінде бастау алды. Қашықтан оқыту тақырыбына арналған курс 2 мыңнан астам мұғалім мен педагогикалық университеттің студенттерін қамтып шықты.
«Карантин барлық ұйымдардың жоспарларына түзетулер енгізді. Білімнің қашықтан оқыту форматына ауысатыны белгілі болған кезде, біз осы қиын кезеңде педагогтарды қолдау мүмкіндігін іздеуге тырыстық. Осылайша «Birge oqý» пікірталас алаңы негізінде алғашқы оқыту курсының идеясы пайда болды. Жоба мұғалімдерге қашықтан оқытудың жаңа технологиялары мен ресурстарын игеруге, ата- аналарға жаңа мүмкіндіктер туралы көбірек білуге және ықтимал қауіптерді жоюға, оқушыларға – сапалы білімге қол жетімділікті кеңейтуге көмектеседі. Мұның бәрі елдің кез келген тұрғыны үшін тегін және қолжетімді», – деді «Елбасы Академиясы» КҚ басшысының орынбасары Әнуар Жанғозин.
Оның сөзіне қарағанда, «Birge oqý» пікірталас алаңының жұмысы отандық және шетелдік сарапшыларды, білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтарды біріктірді. Ал оқыту бейне жазбаларын 190 мыңға жуық адам қарады.
«Біздің жаттықтырушылар қашықтан білім беру режимінде сабақтарды тиімді өткізудің негізгі құралдарын айтып, көрсетті. Біз әртүрлі жағдайларды талдадық, оларды пайдалану мысалдарымен ең танымал әдістер туралы тікелей эфирлерде шолу жасадық. Жаңа оқу жылы қарсаңында біз жобадағы қызметтер тізбегін кеңейттік. Өткен аптада «Цифрлы ментор» курсы басталды, ол төртінші тоқсан кезіндегі басты жұмыс тәжірибесін, атап айтқанда осы әдіске бағытталған тәсілді қамтыды», – деді ол.
Белгілі болғандай, 4 күн ішінде педагогтар дайын құралдарды алып қана қоймай, SAMR моделі бойынша қашықтан оқыту әдістемесімен танысты.
Ауылдық жерлерде креативті бейне-сабақтарды смартфондар арқылы жасай алды. Курс соңында олар өз пәні бойынша онлайн курс үшін оқу жоспарын құрып, онда білімді бағалау және оқушылармен кері байланыс жасау құралдарын қоса алды. Курсқа 2 мыңнан астам адам қатысты.